Басты Жаңалықтар Маңғыстауда онкология мен қант диабетінің көрсеткіші өскен

Маңғыстауда онкология мен қант диабетінің көрсеткіші өскен

Маңғыстауда онкологиялық аурулар мен қант диабетіне шалдыққандар саны артқан. Жыл басынан бері 700-ден астам адамнан қатерлі ісік анықталса, қант диабеті бойынша есепте тұрғандар саны 17 жарым мыңға жеткен. Дәрігерлер ауру көрсеткіштерінің өсуін бір жағынан дерттің ерте анықталуымен, екінші жағынан дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы мен зиянды әдеттердің кең таралуымен байланыстырады.

Облыста жыл басынан бері 735 адамнан қатерлі ісік анықталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайызға көп. Қазір аймақта 6 мыңнан астам тұрғын онкологиялық есепте тұр. Мамандар жаңа науқастар санының артуын скринингтік тексерулердің қарқынды жүргізілуімен байланыстырады. Ақтаулық Қайсар Құлман да осындай тексеру кезінде ішек қатерлі ісігіне шалдыққанын білген. Оған дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, бүгінде жағдайы жақсарған.

Қайсар Құлман, Ақтау қаласының тұрғыны:

Ауруханаға келіп, осы скринингтен өттім. Скринингтен кейін «осы жерде де жасауға болады, жақсы мамандар келіп жатыр» деді. Соған келісіп, операцияны осы жерде жасаттым. Бәрі «операция сәтті өтті» деп жатыр. Тұрғындарға да келіп, қаралыңыздар дегім келеді. Жақсы мамандар келіп жатыр екен. Алматыға, Астанаға бармай-ақ, осында да тексеріліп, қажетті емді алуға болады.

Мамандар қатерлі ісіктің пайда болуына экологиялық факторлармен қатар, темекі, алкоголь, дұрыс тамақтанбау әсер ететінін айтады. Өңірде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың алғашқы қатарында сүт безі, асқазан, жатыр мойны және өкпе қатерлі ісіктері бар.

Бақтияр Болысбеков, Маңғыстау облыстық Онкологиялық диспансері директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

Жұмыс арасында жүгіріп жүріп жей салатын тамақтар да асқазан-ішек жолдары онкологиясының көбеюіне алып келеді. Темекі, зиянды шылымдар өкпенің қатерлі ісіктеріне алып келіп жатыр. Одан бөлек, тұқым қуалаушылық себебін де біз жоққа шығармаймыз. Себебі зерттеу барысында біз сұрастырамыз. Сол кезде науқастардың арғы аталарында, апаларында осы онкологиялық дерттің болғанын көрсетеді.

Облыста қант диабеті бойынша да жағдай мәз емес. Биыл алты айда 17 500 адам есепке алынған. Былтыр бұл көрсеткіш 16 мыңға жуық еді. Ералы ауылының тұрғыны Рахат Саданова бірнеше жылдан бері қант диабетімен есепте тұр. 69 жастағы науқас дәрігер кеңесіне құлақ асып, денсаулығын жақсартқан.

Рахат Саданова, Қарақия ауданының тұрғыны:

Осы дәрігерлердің арқасында мен диета сақтап, өзімнің қантымды түсіріп, денсаулығымды жөндеп келе жатырмын. Үш күннен бері қантым 9,7 болып тұр. Бұрын 15-16 болатын еді. Сол диетаның арқасында жағдайым жақсы болып келеді. Дәрігерлерге рахмет!

Облыста қант диабетімен есепте тұрған науқастардың шамамен 90 пайызы - екінші типті диабетке шалдыққандар. Бұл аурудың пайда болуына артық салмақ, дұрыс тамақтанбау және қимыл-қозғалыстың аздығы әсер етеді.

Маржан Нұрланова, Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эндокринологі:

Көбіне көмірсуды көп қолданады. Мысалы, фастфуд, әртүрлі сусындар бар. Оның бәрі қанттың көбеюіне алып келеді. Өйткені адам біріншіден, көп қозғалмайды, екіншіден, көмірсуы көп тағамдарды тұтынады, ал энергия шығыны организмде болмайды. Содан артық салмақ бірте-бірте үстіне үстемелене береді.

Мамандардың айтуынша, екі аурудың да алдын алуда дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтының маңызы зор. Ең бастысы денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, ауруды ерте анықтау үшін уақытылы тексеруден өту қажет.


Бөлісу