Басты Жаңалықтар Қызылорда ұстаздары оқу бағдарламасына ЖИ енгізуге ынталы

Қызылорда ұстаздары оқу бағдарламасына ЖИ енгізуге ынталы

Қызылорда қаласында білім беру жүйесіне жаңашылдық әкелген ұстаздар бар. Олар жасанды интеллектіні оқу бағдарламасымен ұштастырып, балаларға заман талабына сай білім беруде. Шәкірт тәрбиелеуде өзгелерге үлгі болып жүрген мұғалімдермен тілшіміз тілдесіп қайтты.    

Мөлдір Камилаева Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектепте химия пәнінің мұғалімі. Жас педагог оқушылар үшін күрделі сабақты барынша жеңіл әрі ұғынықты жеткізудің жаңа әдісін қолданады. Оның оқу процесіне арналған авторлық бағдарламасы былтыр өз іштерінде үздік деп танылған.

Мөлдір Камилаева, химия пәнінің мұғалімі:
Мен әрі қарай өзімді жетілдіргім келеді. Жасанды интелекттен де бөлек сайттармен жұмыс істеп, өзімнің авторлық сайттарымды ашып, сол арқылы сабақ беруді жоспарлап отырмын.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз әлі де оқу бағдарламасын жетілдіріп жатыр. Бүгінде жаңашыл бағытта білім алған шәкірттері пәндік олимпиада мен түрлі байқауларда жүлде орындарды иеленіп жүр.

Сұлтан Мұхтар, оқушы:

Не түсіну керек, химия пәнінен бәрін үйрете алатын кісі. Жалпы бізге одан бөлек қосымша сабақтар немесе басқа да дайындық түрлерін бізге көрсете алатын химия апайдан осындай тұстарын байқадым.

Тарихы терең Сужиков атындағы №6 мектеп қаладағы үлгілі білім ордаларының бірі. Саналы және білімді ұрпақ тәрбиелеуде Нұргүл Қожагелдиева 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Тәжірибелі педагог балаларға ақпараттық технология мен жасанды интеллект жүйесін меңгеруді үйретіп, заман ағымына қарай білім нәрімен сусындатуда.  

Нұргүл Қожагелдиева, информатика пәнінің мұғалімі:

Біз оқушы бойына заманауи цифрлық мәдениет пен жасанды интелектіні дұрыс қолдану қабілетін қалыптастырамыз. Қазіргі ұстаз тек тақта алдында тұратын мұғалім емес ол оқушының бойындағы дарынды ашатын ментор, бағыт-бағдар беретін навигатор.

Жалпы былтыр облыста 967 түлек «Алтын белгі» иеленсе, 1124 оқушы мектепті «Үздік аттестатпен» бітірді. Білім саласындағы бұл жетістік Сыр педагогтерінің білім біліктілігінің көрінісі.


Бөлісу