Былтыр Петропавлда 100-ден астам ескі үй сүріліп, тұрғындарға жаңа баспана немесе үйінің бағасына сай қаражат төленді. Жалпы қаланы көркейту жобасы қолға алынғаннан бері облыс орталығындағы 640 үйдің орнына көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрғызылды.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
- Ал, осыдан 2-3 жыл бұрын ғана қаланың сиқын қашырған сұрықсыз үйлер тұратын. Сұрқай, жүдеу ғимараттар сүріліп, енді көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда. Мына жерде музей мен қазақ театры бой көтереді.
Манира Буркова бұрын жер үйде тұрған. Былтыр сол ескі үйі сүріліп, есесіне қалалық әкімдіктен ақша төленіп, 2 бөлмелі пәтер сатып алды. Қазір жайлы да жылы пәтерде тұрып жатыр.
Манира Буркова, қала тұрғыны:
- Үйді өзіміз интернеттегі жарнама арқылы тауып алдық. 2-3 күннің ішінде атыма аударып алдым. Жақсы жерде орналасқан үй, қаламызды көркейтеміз деп жатқан соң қарсылық білдірмей, бірден келістім.
Қаланы қақ жарып өтетін ең ұзын әрі ең көрікті көшелердің бірі - Жамбыл көшесі. Жер үйлер жойылып, орнына «Жас өркен» аталатын жаңа ықшам аудан бой көтеріп жатыр. Әлі 40 шақты үй сүрілмек.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Осы жерде тұратындар көпқабатты баспаналардан пәтер алатын болады. Немесе ақшалай алауға мүмкіндіктері бар. Бірақ көбі пәтер алады. Былтыр тұрғындардың 92 пайызы пәтер таңдады.
Ал, Шәжімбаев пен Нұрсұлтан Назарбаев көшелерінің қиылысында болашақта аурухана мен студенттерге арналған жатақхана және мектеп бой көтереді.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ