Семейде көшенің бір бөлігі жекеменшікке сатылып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде көшенің бір бөлігі жекеменшікке сатылып кеткен

23.04.2019

14 млн теңгеге көше сатылып кеткен. Семей әкімдігі қаладағы көшенің бір бөлігін жекеменшікке саудалаған. Уақыт өте келе өздерінің қателескендерін мойындап, енді сатылған аумақты қайта қайтарып алуға әрекеттеніп жатыр. Тіпті жерді сатып алғандарды сотқа берген.

Көше жекеменшікке сатылды дегенді естіп, дабыл қағып жүргендер - мына бір топ кәсіпкер. Олар 15 жылдан бері көктемде көкөніс пен гүл көшеттерін осы көше бойында саудалап келген. Енді оның қалалық автобекет иелеріне жекеменшікке өтіп кеткенін естіп, «сауда жасайтын орнымыздан айырылдық», деп алаңдаулы.

Лариса Федосенко, кәсіпкер:

- Бір адам бұл жерді сатып алған. Болды. Бізден ешкім сұрамаған. Енді мына жерге өзінің дүңгіршектерін қоя бастады. Бас жоспар бойынша бұл жер көше ғой.

Оксана Закирзянова, кәсіпкер

- 16 жылдан бері сауда жасаймыз осы жерде. Барлық салықты төлейміз. Әрқайсымыздың рұқсатымыз бар. Енді автобекет біздің орнымызды сатып алыпты.

Көшені сатып алған автобекет иелері ол жерге дүңгіршектер қойып, жерді басқа кәсіпкерлерге жалға бере бастаған. Алайда, көшенің заңсыз сатылғаны белгілі болды. Қалалық әкімдік бұл аумақты былтыр маусым айында 14 млн теңгеден астам қаржыға негізсіз саудалаған. Енді уақыт өте келе жергілікті билік қателіктерін мойындап, көшені қайтадан қайтарып алудың амалдарын ойластыруда.

Дамир Рақымжанов, қалалық Жер қатынастары бөлімі бастығының орынбасары

- Жер комиссиясы отырысында сондай шешім қабылданды. Жер жекеменшікке берілсін деген. Жоспарға қарамаған. Қателік кеткен. Оны ертең енді сот шешеді.

Заңға сәйкес бас жоспарға енген Уәлиханов көшесі ешкімнің меншігіне берілмеуі тиіс. Алайда, комиссия сату кезінде Жер кодексінің 109-бабын бұзған. Енді көшені қателесіп сатқан әкімдік те, сатып алып, шығынданған кәсіпкер де соттың шешімін күтпек.

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу