Жастарға арналған жоба дұрыс істемей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастарға арналған жоба дұрыс істемей тұр

19.04.2019

Жастар жылы деп жалындатып қолға алынған жоба іс жүзінде істемейтін болып шықты. Жыл басында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі  жастарға арналған 2019 тегін қоңырау шалу орталығын іске қосқан. Тиісті тендер ұйымдастырылып, бюджет қаржысына арнайы жабдықтар да сатып алынған. 

Бастапқыда жастарға ақпарат береміз, керек болса психологиялық көмек көрсетеміз деп ашылған желі қазір істемей тұр. Ол ол ма жастар саясатына жауапты «Астана жастары» сайты да ашылмайды. Дулат Абибуллаев  бұл нөмірге хабарласа алмай, арнайы барып қайтты.

Жастарға арналған қоңырау орталығын ашу үшін мемлекеттік сатып алу былтыр қазан айында жарияланды. Жоба құны 8 миллион теңге төңірегінде. Бюджет қаржысына тиісті  техника мен лицензиясы бар бағдарлама сатып алынды. Бірнеше оператор маман бекітілген. Call орталық жастар жылы жүзеге асатын 90 жобаның бірі. Оны қала әкімі жыл басында халықпен кездесуінде жариялады.

Дулат Абибуллаев, тілші:

Әкім айтқан 2019 жастар қоңырау орталығына бірнеше күн бойы хабарласа алмадық. Астана жастары мекемесінің ресми сайты да бірнеше айдан бері жұмыс істемей тұр. Барлық жағдайды көзбен көру үшін мекемеге арнайы келдік.

Әлімбек Нұрбек, 2019 Call орталығының операторы:

Интернет тоқтары дұрыс істемей тұр. Біз «Қазақтелекомға» тапсырыс бергенбіз. Олар келіп қосып бермей жатқандықтан бұл интернет бірде істеп, бірде істемей тұр. Сол себепті біздің колл центр кейде істейді, кейде істемейді. Қазір негізі қарастырып жатыр. Мүлдем жауып тастауы да мүмкін. Өйткені, «iKomek» бар, 109 бар, сосын «egov» бар 14 14.

Біз мәселе көтеріп, кеңсеге келгеннен кейін ғана желі аяқ асты жұмыс істеп кетті. Ал басқа-басқа жастар жылында жүйелі жұмыс істеуі тиіс astanazhastary.kz сайты да істемей тұр. Себеп, мынадай...  

Әйгерім Жұмағазықы, «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі талдау бөлімінің басшысы:

Сайтты осы жылы негізі іске қосылады. Сайт бұрын ресми сайт ретінде негізі ресми болатын. Қазір оны жастардың көзқарасына қарай өзгертіп жатырмыз. Қазір жасалуда деп айтсақ болады.

Жастар жылының басталғанына 4-ші ай екенін ескерсек, желі жыл соңына дейін қосылуы әбден мүмкін.  Айта кету керек қазір Қазақстанда тек мемлекеттік органдардың 20 дан астам осындай байланыс орталықтары бар. Халықты шатастырмас үшін оларды топтастыру мәселесі көп айтылып жүр. Алайда, әзірге нақты нәтиже жоқ.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу