Қостанай облысындағы Лисаков қаласы әкімдігінің бөлім басшысы, 7 адамды өрттен құтқарды. Оқиға наурыз айында болған. Көпқабатты тұрғын үйден шыққан өртті жұмыстан қайтып келе жатқан қызметкер кездейсоқ көреді. Сондай-ақ, жоғары қабаттағы адамдардың көмек сұрап жатқанын байқайды.
Ол өз өміріне қауіп төнетіндігіне қарамастан, сатымен өрмелеп жоғары шығып, көмекке мұқтаж жандардың төмен түсуіне жәрдемдеседі. 7 адамның төртеуі бала, үшеуі ересек. Бәрі де бір отбасының мүшелері. Бүгін бейбіт күннің батырына көпшілік алдында құрмет көрсетіліп, арнайы төсбелгімен марапатталды.
Нағмар Ердәулетов, Лисаков қалалық әкімдігінің бөлім басшысы:
Тұрғындар менің айтқанымды орындап, нұсқауым бойынша төмен түсе бастады. Олар осы әрекеттерімен маған сенетіндерін көрсетті. Қысылтаяңда өзара сенімнің пайдасы зор. Мен бұған дейін 20 жыл төтенше жағдайларда қызмет еткенмін. Тәжірибем аз емес. Сондықтан, өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Тек азаматтық міндетімді орындадым.
Дәуренбек ӘБДІБЕК