«Нұрлы жол» бойынша қолға алынған «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің құрылысынан ақау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұрлы жол» бойынша қолға алынған «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің құрылысынан ақау шықты

18.04.2019

Павлодар облысы аумағындағы 47 шақырым жолды салу міндеттемесін алған мердігер компания енді сапасыз жасалған аумақты қайта салады. Ал, аймақтың транспорттық бақылау инспекциясы ауыр салмақты жүк көліктерінің автожолдарды бүлдірмеуін қатаң бақылауға алды. Тіпті, тасымалдаушы кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуда. 

Астана-Павлодар-Өскемен бағытындағы «Орталық-Шығыс» автожол дәлізі екі жыл бұрын салынып бітуі керек еді. Мердігердің жауапсыздығынан құрылыс әлі жүріп жатыр. Биыл аяқталуы тиіс жұмыстарға республикалық бюджеттен 27 млрд теңге қаржы бөлінді.

Болат Аманбаев, тілші:

- Төрт жолақты автобан цемент бетонды және асфальт бетонды жабындылармен жасалып жатыр. Басты талап - жол сапасы Еуропалық талаптарға сай болуы керек. Сондықтан бақылау күшті. Мәселен, мердігер компания былтыр салған мына жерді биыл қайта бұзды. Енді осы ұзындығы 550 метр жерге қайта бетон құйып, жаңа асфальт төсейді.

Бұл - былтыр тапсырылған аумақ. Бірақ бір қыс өтпей жатып бірнеше жерден жарықшақ пайда болған. Инженерлік бақылау комиссиясы жолды қайта салу керек деген шешім шығарды.

Данияр Баймағамбетов «ҚазАвтоЖол» АҚ» ҰК Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Мердігер өз қаржысына жөндейді. Бұған мемлекет тарапынан бір тиын қаржы бөлінбейді. Ол келісімшартта нақты белгіленген. 

Жаңа жолдың салынғаны транзиттік көлік әлеуетін арттырды. Мәселен, Астана-Павлодар бағыты бойынша ғана тәулігіне 29 мың автокөлік қатынайды. Көбі жүк тасымалдайды. Оның үстіне жаңа заңға сай, бұрын кеніштерде ғана жұмыс істейтін габаритті көліктер енді автобандарға да шыға алады. Осыны ескеріп, аймақтағы транспорттық бақылау инспекциясы жүк жөнелтуші кәсіпорындарды тәртіпке шақыра бастады.

Өткен жылдың осы мерзімінде шамадан тыс жүк артқан көлік иелері 40 млн теңге айыппұл төлесе, биыл алғашқы үш айда 106 дерек тіркеліп, небары 6 млн теңге өндірілді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу