Қостанай облысының тұрғындары мал ауруына қарсы вакцинация уақытында жүргізілмейтінін айтып шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының тұрғындары мал ауруына қарсы вакцинация уақытында жүргізілмейтінін айтып шағымданды

18.04.2019

Төрт түлікті жұқпалы ауруға қарсы егу жұмыстары уақытында жүргізілмейді. Қостанай облысындағы Амангелді ауданының бірқатар тұрғындары осылай деп шағымданып отыр. Олар қажетті препарат уақытында егілмегендіктен қолдағы мал індетке ұшырай ма деп алаңдайды. Былтыр бұл ауданда белгісіз тері ауруынан қаншама ірі қара шығын болған еді. Дәуренбек Әбдібек жалғастырады.

Қарқынбай Дағмановтың 30-дан аса сиыры, аздаған жылқысы мен қой-ешкісі бар. Мұның сыртында ақысына жергілікті тұрғындардың 100 қаралы бойдақ малын бағады. Қарауындағы осынша түліктің бірде-бірі әлі егілмепті. «Бұрындары бұл жұмыс мал жайлауға шыққанша жүргізілетін еді»,- дейді ол.

Қарқынбай Дағманов, шаруа:

- 3 шақырым жер. Бірақ су арнасынан тасып кетті. Енді тамызға дейін жол жоқ.

Нағима Таңатбаева - «Алтын алқа» иегері. Күнкөріс үшін азғантай ірі қара ұстайды. Былтыр соның 7-уі өліп қалыпты. Малдың ауырып тұрғаны жайлы мамандарға хабар берген. Алайда, олар ешқандай ем-шара жасамапты.

Нағима Таңатбаева, Амангелді ауылының тұрғыны: 

- Шақырғанда келген жоқ. Ал өліп қалғасын келіп, өлігін алып кетті.

Ветеринар мамандар болса ауданда эпизотикалық жағдай тұрақты екендігін алға тартты. Екпе жұмыстары ақпанда басталып қарашаға дейін жүргізіледі екен. Сондықтан бәрін қамтып үлгереміз деп отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 54 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. «Ал, малы ауырып тұрғаны туралы тұрғындардан хабарлама түссе, жедел жетеміз»,- дейді.

Дауылбай Сакетов, Амангелді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы

- Шақырған бетте барады. Ол әрине, ақылы. Себебі мемлекеттік тапсырысқа кірмейді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша болса, тегін.

Жұқпалы ауруға қарсы екпе жүргізу де мемлекеттік тапсырысқа кіреді. Сондықтан тұрғындар үшін тегін. Алайда, қарашаға дейін тегін екпені күтіп жүргенде сиырға қарасан тисе, шаруа шығынға батары сөзсіз. Көпшілік осыған алаңдайды.

Дәуренбек Әбдібек 

 

Хабарламаларға жазылу