СҚО-да халықаралық маңыздағы тасжолды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да халықаралық маңыздағы тасжолды су басты

18.04.2019

Есіл өзені Петропавл қаласы маңында арнасынан асып жайылып, халықаралық маңызы бар жол жабылды. Сонымен қатар, қаланың іргесіндегі саяжайларға да су кіре бастады. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Ерке Есіл биыл да өз дегеніне басып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, тек соңғы тәуілікте ғана 100-ден астам саяжайдың аумағына су кірген. Алдағы 1-2 тәулікте Есіл арнасынан тағы да асып, көтеріледі діп күтілуде.

Былғары зауыты мен Заречный кенттерінде бұл жағдай жылда қайталанады. Есіл суы көтерілсе, алдымен осы аймақтарды басады. Осыған байланысты тасжол жабылып, арнайы бекет қойылды.

 Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Соңғы тәулікте Покровкадағы судың деңгейі төмен түсіп, Новоникольск, Новокаменка және Қызылжар ауданының орталығы Бескөл аумағында Есілдің көтерілгенін байқап отырмыз. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге ешқандай қауіп жоқ. Сонымен қатар, кешелі-бері Сергеев су қоймасындағы арқадан асып, ағып жатқан судың деңгейі 76 сантиметрді құрап, сол деңгейде тоқтап тұр.

Биыл тек Есіл ғана емес, кішігірім өзендер ернеуінен асты. Ақан-Бұрлық өзені Чистополье ауылы маңындағы көпірді шайып кетті. Абырой болғанда, адамдар жапа шеккен жоқ.

Владимир Галайда, Чистополье селосының тұрғыны:

- Адамдарға жол керек, басқа ауылдарға, қалаға, Көкшетауға барамыз. Ескі көпір болатын, ақты да кетті. Енді жаңасын салып жатыр. Жақсы болар еді.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, Ақмола облысындағы Колутон мен Жабай өзендерінен құйылған сумен Есіл толып, тасуы мүмкін. Сондықтан алдағы 2-3 тәулік теріскейліктер үрей құшағында болатыны анық.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу