Бала құқығы – басты назарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала құқығы – басты назарда

18.04.2019

Балалардың құқықтарын қорғауға жауапты мемлекеттік мекемелер өзара байланысты нығайту қажет. Ақмола облысында «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңесте осындай шешім қабылданды. Жұмыс тобы білім беру мен медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып, «Бақытты отбасы» атты партиялық жобаны жетілдіруге ұсыныстар жинақтады.

Баланың құқығын қорғаудың басты құралдарының бірі - отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту. Облыста осы уақытқа дейін бір мыңнан астам жанұя атаулы әлеуметтік көмекті алып келді. Сәуірде қабылданған өтініштер 1200-ге жуықтаған. Биыл әлеуметтік салаға қосымша 1,3 миллиард теңге бөлінді.

Динара Закиева, «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары:

- 3 күннен бері Ақмола облысында жұмыс істедік. Мекемелерді араладық. Біздің басты ұсынысымыз - ведомоствоаралық байланысты жақсарту керек. Мемлекеттер көрсетілетін көмек баршылық. Оны пайдалану үшін бірлесіп жұмыс істеген абзал. Қоғамдық ұйымдардың көмегіне де жүгінуге болады. Балалардың, отбасылардың мәселелерін жұмыла жылдам шешуге болады.

Жекелеген қызметкерлердің іс-әрекеті де кедергі келтіретін көрінеді. Сондықтан сұрақтар назардан тыс қалып, мәселелер дер кезінде шешілмей жатады.

Облыста ажырасу көп. Өткен жылы 4,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 2300 отбасы керісінше некені бұзған. Жалғызбасты аналар да, әкелер де бар. Алиментті уақытылы төлемей жүргендердің саны - 6 мыңнан асады.

Азамат Біржанов, «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

- Толық емес отбасыларда тәрбиеленіп отырған балалардың саны 10 мыңнан асады, яғни 8 пайыз. Егерде біз жаңа туған сәбиден бастап, 18 жасқа дейін 125 мыңға жуық білдіршіндеріміз болатын болса, оның 8 пайызы толық емес отбасыларда тәрбиеленіп отыр.

3 күндік жұмыс нәтижесінде «Бақытты отбасы» жобасының жол картасына бірқатар ұсыныстар енгізілді. Тұрмысы төмен отбасыларға, жағдайы қиын балаларға көмектесу жолында «Nur Otan» партиясы кәсіпкерлерді жұмылдырмақ. Жоба аясында партияға жүгінгендердің бәріне барынша қолдау көрсетіледі.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу