Бүгіннен бастап Талдықорғандағы көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүре бастады. Жалпы, қазіргі мәлімет бойынша облыс орталығында 4 және одан да көп баласы бар 2500-ге жуық ана тіркелген. Бүгінде олардың 700-ден астамы автобуспен тегін жүретін билеттерін алып үлгерді. Және жолда жүру құжаты ай сайын жаңартылып отырады. Жолаушы тасымалдаушылардың шығыны жергілікті бюджеттен өтеледі.
Жалпы, Жетісудың бас шаһарында қазіргі таңда оқушылар мен студенттер, зейнеткерлер тегін тасымалданады. Олардың қатарын ардақты аналар еселеді. Алдағы уақытта жергілікті билік қала жолдарына муниципалды автобустар шығару мәселесін де қарастырмақ.
Ғалия Керімқұлова, қала тұрғыны:
Жолымызға айына 5 мың теңге кетеді. Енді осы беріп жатқандары бізге жеңілдік болады.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ