Отандық БАҚ аудиториясына талдау жүргізетін сайт іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық БАҚ аудиториясына талдау жүргізетін сайт іске қосылды

11.03.2019

Бұдан былай Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары ашық бақыланады. Әлемге әйгілі Charbeat компаниясының тың технологиясы арқылы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған сайт іске қосылды. Жаңа ресурс нарыққа қандай телеөнім қажеттігі, көрермен мен оқырманды қандай ақпарат қызықтыратынын нақты, шынайы түрде лезде көрсетіп отырады.

Қазақстанның медиа нарығында қазір ақпарат тарататын құрал көздері көп. Әрқайсының көтерген өз жүгі бар. Дегенмен, кімнің көрермені көп, қайсының аудиториясы ауқымды екенін осыған дейін әркім әрқалай бағалап келді. Енді бұл бірізді жүйеге көшіп, бірыңғай форматта қадағаланбақ. Америка медиа нарығының 70 пайызы қолданатын Charbeat компаниясының қызметі бізге де келді.

Сәкен Балбаев, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры:

- Бұл жүйе әр ақпарат құралдарының өз аудиториясын өлшеп береді. Жарнама берушілермен көрсетіп береді.

Яғни, елдегі жетекші ақпараттық порталдардың басты көрсеткіштерін саралауға арналған сайт іске қосылды. Атауы – olshem.kz. Оған конкурстық негізде отандық 25 портал іріктеліпті. Оның қатарында Ұлттық арнаның сайты да бар.

Шон Бода, АҚШ елшілігінің пресс-атташесі:

- Бұл бастамаға қаржылық қолдау инновациялық қордың гранты есебінен жүргізілді. Жалпы, біз қазақстандық журналистерді әрқашан қолдауға дайынбыз. Сарапшыларды шақыртып, қазақстандық әріптестермен байланыс орнатамыз. Тіл үйретуге де басымдық беріліп жатыр.

Кара Макклоуски, Chartbeat компаниясының өкілі:

- Бұл жоба - БАҚ-ты шынайы түрде қарап отыруға мүмкіндік береді. Оқырман мен редакция арасында берік байланыс орнайды. Қандай ақпарат қажет, ненің керек еместігін аудиторияның санына қарап біліп отыруға болады. Ертең редакцияларға барып, ақпарат құралдарымен жақынырақ танысамыз. Бұл - Орталық Азиядағы алғашқы бастама.

Charbeat компаниясының қызметіне әлемнің 70 елінің 5000-нан астам сайты тіркелген. Нәтижесінде аудиторияға қандай өнім қажеттігін бірден біліп, шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік туып отыр. Қазақстанда тұңғыш қолға алынған бастама ақпарат құралдарының сапасын арттыруға септігін тигізбек. Оны пайдалану тетіктерін америкалық мамандар қазақстандық әріптестеріне бірнеше күн бойы үйрететін болады.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу