Қазақстан шекарасында бір айда 3 мыңнан астам заңбұзушы ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қазан айында мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1 267 дерегінің алдын алды. Олардың жалпы құны 2,1 млрд теңгеден асады.
Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы қазанда шекара аумағында Қазақстан заңнамасын бұзған 3 318 адам ұсталған. Оның 2 791-і – шетел азаматтары.
Каспий теңізінде де заңсыз балық аулауға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Бір айда браконьерліктің 119 дерегі анықталып, 88 шақырым заңсыз балық аулау құралы тәркіленді. Сондай-ақ 187 бекіре тұқымдас балық алынды. Олардың жалпы салмағы 933 келіні құрайды.
Шекара қызметінің мәліметінше, браконьерлік әрекеттердің алдын алу нәтижесінде 413 млн теңгеден астам шығынға жол берілмеген.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 47 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 3 021 әкімшілік іс бойынша 35 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Қалған құқықбұзушылықтарға қатысты материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.
Фото: Tengrinews.kz
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы