Кемтар жандар енді бір ай бойы сурдоаудармашылардың қызметіне жүгіне алмайды. Себебі, мемлекеттік сатып алу, яғни тендер уақытылы өткізілмеген. Ашынған жұрт қалалық Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, мәселенің шешімін талап етті.
Есту қабілеті нашар 350-ге жуық адам сурдоаудармашының көмегіне мұқтаж. Олардың кейбіріне ауруханаға барып ем алу керек болса, бірқатары банктен несие рәсімдей алмай жүр. Енді бірі нотариустағы және халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы шұғыл жұмыстарын шешуі керек. Алайда, мүгедектер бұл көмектен қағылды. Ал 20 сурдоаудармашы жұмыссыз қалған.
Альбина Ахатова, сурдоаудармашы:
- Бірінші наурыздан бастап біз жұмыссыз қалып отырмыз. Яғни, біз осы сөйлемейтін адамдарға сурдоаударманы жасамаймыз. Жұмыс істегіміз келіп тұр, бірақ бізде келісім жоқ. Жылда қайталанады.
Биыл қаңтар айында сурдоаударма қызметін көрсететін қоғамдық ұйымдар арасында екі мәрте мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілген. Бірақ құжатта қателік кеткендіктен, заңсыз деп танылған. Кейін 28 ақпан күні байқау үшінші рет жарияланған. Қорытындысы тек наурыздың 20-да белгілі болады. Ол қаржы сурдоаудармашыларға жеткенше, кемінде бір ай күту керек. Бөлім мамандары мәселені тез шешудің басқа жолын ұсынып отыр.
Бақытнұр Тәліпова, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
- Бұл мәселені жеке келісімшарт жасау арқылы шеше аламыз. 20-на дейін біз әрбір мүгедектің баратын жеріне ымдау тілі маманының аудармасын жасау бойынша ғана шеше аламыз. Басқадай шешетін мүмкіндік жоқ. Өйткені, ол ақша конкурсқа салынып қойған.
Тендердің әлегі бірнеше проблеманы туындатып, әлеуметтік саладағы мамандардың жұмысын жүргізбей қойған.
Руслан Нұрланұлы,тілші:
- Мәселен, мемлекеттік сатып алу байқауының кеш өткізілуінен мүгедектер таксисіз қалған. Бұған қоса, әлеуметтік көмекшілер де тендердің сарсаңынан жұмысына кірісе алмай отыр. Осылайша, жәрдем атаулыдан қағылған мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік саладағы осы жүйесіздікті бір жолға қойып беруін сұрайды.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ