Басты Жаңалықтар Астанада «Соғым-fest» жәрмеңкесі басталды

Астанада «Соғым-fest» жәрмеңкесі басталды

Астанада «Соғым-fest» жәрмеңкесі басталды. Іс-шараның алғашқы аптасында Ақмола, Абай, Павлодар және Қарағанды облыстарынан келген фермерлер өнімдерін көршілікке ұсынды. Ал елорда тұрғындары етті арзан бағамен сатып алды.

«Қыстың қамын жаз ойла» дейтін халқымыз үшін соғымның орны бөлек. Сондықтан ет жәрмеңкесіне асыққандардың қарасы көп болды. 

Мәдениет Жанымхан, Астана тұрғыны:

Халыққа тиімді жәрмеңке ашылып жатыр екен. Әсіресе мына ет базарға арнаулы келіп, алыстан іздемейміз өзіміз қажетімізге қарай халық базардан өзінің тұтынатын дүниесін алып жатыр. Разымыз. Біз балық алып кетіп бара жатырмыз қазір, етті бағана алып алғанбыз.

Фермерлер еліміздің әр өңірінен жиналды. Олар өнімнің түр-түрін тиімді бағада ұсынды. Сиыр етінің келісі 3300, жылқы еті 3500, қой еті 3700 теңгеден басталады.  

Ерлан Түсіпов, фермер:

Бұл ет енді біздің қожалығымыздың еті. Арнайы Абыралы ауылынан келіп тұрмыз. Семіз мал, әкелген 5 басымыздың 4-і өтіп кетті, бір бас қана қалды.

Биыл жәрмеңкеде 1000 тоннадан аса өнім сату жоспарланып отыр.

Мақсат Жаңабаев, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Бірінші мақсатымыз мына халыққа тиімді бағада ет ұсыну, екінші мақсатымыз ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау. Әрбір базарда өздерінің лабораториялары бар. Лабораторияда әрбір ет кірген жағдайда өзінің ветеринариялық справкасы бар. Басқа да өзінің документтерімен кіріп тексеріліп жатыр. Халыққа қауіпсіз жағдайда ұсынып отыр.

Айта кетейік, ет жәрмеңкесі жыл соңына дейін, сенбі және жексенбі күндері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Тұрғындар өнімдерді таңғы сағат тоғыздан кешкі жетіге дейін «Керуен жолы», «Жұрт», «Ет әлемі» базарларынан сатып ала алады.

Рүстем Айткерім

Бөлісу