Атырауда ауыл тұрғыны қазақтың ақбас сиырын көбейтіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда ауыл тұрғыны қазақтың ақбас сиырын көбейтіп отыр

06.03.2019

Атырау облысында қарапайым ауыл тұрғыны қазақтың ақбас сиырын көбейтіп отыр. Қазір Есболат Құбашевтың қолында 400-ден астам ірі қара бар. Асыл тұқымды Зеңгі баба төлі, елді мекенге тез жерсінген. Қожалық иесі алдағы уақытта ақбас сиырдың жаңа тұқымын  алуды жоспарлап отыр. 

Есболат Құбашев шаруасын 15 шақты ірі қарадан бастаған. Қазір кәсібі кеңейді, мал басы көбейді. Ақбас сиырларының біразы бұзаулап тұр. Бір ерекшелігі , төзімді түлік қыста қораға тығылмайды. Сексеуілдің түбін ықтап, қа құрсанып жата береді.

Есболат Құбашев, шаруашылық иесі:

- Осы сиырдың біздің жердегі артықшылығы, олар осы жерге биімді. Қыста көп салмақ салмайды. Жемге көп шығындандырмайды.

Жандос Темірғали, тілші:

- Қазақтың ақбас сиыры суыққа төзімді. Мүйізді ірі қара малдың бұл түрі өте етті келеді. Орташа салмағы 500-600 келіні тартады.

Шаруашылық жылына 20 тонна ет өндіреді. Осы көрсеткішті одан әрі өсіру-ойда. Алайда, ішкі нарықтан мал сатып алуға қолбайлау болып тұрған  мәселелер бар. 

Есболат Құбашев, шаруашылық иесі:

- Неге десеңіз, ішкі нарықтан мал алуға кредит мәселесі тоқтатылды. Енді қазір бәрі шетелден мал тасып жатыр. Оның мемлекеттен берілетін субсидиясы бар. Ішкі нарықта мұның бәрін алып тастап отыр.

Өңірде ірілі-ұсақты 2 мыңнан астам мал шаруашылығы бар. Солардың жиырмаға жуығы төрт түлікті асылдандыруға ден қойған. Биыл олар үшін жергілікті бюджеттен 882 млн. теңге субсидия бөлінеді.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- Субсидияның барлығы түбегейлі алынып тасталынған жоқ. Қазіргі таңда да өнімділікті арттыру бойынша белгілі бір талаптарға сай келетін болса, етті бағытқа, сүтті бағытта, өсімдікке субсидиялар әлі бар. Бұл жалғасады. Бірақ алдағы уақытта кәсіпкерлер де өз тарапынан белсенділік танытып, осы бәсекелестікте сай болуы керек.

Ақбас сиыр өсірумен айналысатын шаруашылық мал санын 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Әрі қолдан ұрықтандыруға ден қоймақ. Шаруа алдағы уақытта сиыр етінен түрлі өнімдер дайындап, ішкі нарықты жаулағысы келеді. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу