Қыз-келіншектердің мерекесіне орай «Дос» Тәуелсіз өмір» орталығы ерекше шара ұйымдастырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыз-келіншектердің мерекесіне орай «Дос» Тәуелсіз өмір» орталығы ерекше шара ұйымдастырды

05.03.2019

Қыз-келіншектердің мерекесіне орай «Мүгедектер қоғамдық бірлестігі» құрамындағы «Дос» Тәуелсіз өмір» орталығында ерекше шара ұйымдастырылды. Астанадағы «MAKEUP space» сұлулық салонының басшысы Әсел Таңатарова ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға тегін шеберлік сағатын өткізді. Қыздарға бетті қалай күту керек екенін, дұрыс боянуды үйретті.

Кәсіби маманның алдына келген қыз-келіншектер бүгін ерекше құлпырды. Нәзік бет терісін күту әдістері мен бетті әрлеу тәсілдерін үйренді. Сұлулық салонына бас сұға бермейміз деген қыздарға, шебердің мына сыйы ерекше әсер етті.

Айкүміс Мұратова:

- Макияжым қатты ұнады. Мен боянбайтынмын. Осы шарадан кейін боянуға деген құштарлығым артып, бір жерге шығатын болсам, бүгінгі үйренген тәсілдерді қолданатын боламын.

Бұрын-соңды кәсіби маманның ақыл-кеңесіне жүгініп көрмеген Әйгерім де «сұлу болудың құпиясын үйрендім»,-деп мәз. «Әрлеуді ғана емес, опа-далапты бет терісінің ерекшелігіне қарай қалай таңдау керектігін, түрі мен түсін қалай ажыратуды да біліп алдым»,-дейді.

«Дос» Тәуелсіз өмір» орталығындағылардың көбі омыртқасына зақым келгендер. Арбаға таңылған қыз-келіншектердің көңілін жасытпау үшін осындай шаралар үнемі ұйымдастырылады. Қоларбадағы би спортының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қарлығаш та, осы орталықтың арқасында еңсесін көтергенін айтады.

Өзгеріп, құлпырып шыға келген қыздар жігіттердің де ерекше назарын аударды. Тағдырластар бірін-бірі құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу