Тұрғын үйлерге лифт орнатқан компания 20 жыл бойы оның сапасына жауап береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үйлерге лифт орнатқан компания 20 жыл бойы оның сапасына жауап береді

05.03.2019

Қазақстанда Ұлттық стандарт пайда болды. Жаңа құжат соңғы кездері тым жиілеп кеткен, кісі өлімімен аяқталып жататын оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған.

Жеделсатыға жүрексінбей мінетін жан қазір кемде-кем. Жоғары қабатқа жедел емес үреймен жеткізеді көбісі. Соңғы кездері сапасыз құрылғылардың салдарынан адам өлімі де жиілеп кетті. Өйткені басым бөлігі қауіпті жағдайда тұр. Елорданың өзінде 69 жеделсаты мүлдем жарамсыз. 10-ы апатты жағдайда. Тағы 67-сі мерзімінен бұрын істен шыққан.

Өйткені осыған дейін елімізде жеделсатыны орнатардан бұрын оның сапасын ешкімнің қадағалауға құзыреті болмады. Тек пайдалануға берілгеннен кейін ғана жауапкершілік жүктеледі. «Мұндай олқылықтар енді болмайды»,-деп отыр мамандар. Себебі жақында елімізде Жеделсатыларды қолдану бойынша Ұлттық стандарт қабылданды. Жаңа құжаттың аясында жеделсатыны орнатқан компания 20 жыл бойы оның сапасына жауап береді. Әрі бұрынғыдай қолына кілт-сайман ұстағанның бәрі ақауды жөндей алмайды. Енді компанияға арнайы мамандығы барлар ғана қабылдануы тиіс.

Евгений Цхай, стандарттау орталығының жетекшісі:

- Қызмет көрсететін компанияларға қатысты мәселе көп. Кез келген жеке компания келіп, жеделсатыларды жөндей береді. Яғни, білікті мамандары жоқ. Бұдан соң қауіпсіздік туралы айтудың өзі артық.

Бірақ аталған құжат бұл талаптарды барлық компанияларға міндеттей алмайды. Өйткені заңдық күші жоқ. Ендігі мақсат – Ұлттық стандартты заң деңгейіне жеткізу.

Еркежан Әмірханова, Қазақстанның стандарттау және сертификаттау институты бас директорының орынбасары:

- Жеделсатыларды қолдану мәселелерін қамтыған құжатты барлық қызмет ететін компанияларға міндеттегіміз келеді. Ол үшін «Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы туралы», «Азаматттық қорғаныс туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі қажет.

Ал, сапасы сын көтермейтін жеделсатыларды бақылап, қадағалауға мемлекеттік органдардың әзірге құзыреті жоқ. Қазір бұл заң жобасы да Мәжілісте қаралып жатыр. Егер құжат күшіне енетін болса әкімдіктегілер лифтілерді қатаң бақылауына алмақ.

Хабарламаларға жазылу