Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысқа байланысты Делиден елімізге қайта алмай отырған отандастарымыздың бәрі аман-есен Қазақстанға оралды. Олардың 68-і - Қазақстан азаматы. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Жолаушылар елге Мәскеу арқылы жеткен. Бұл ретте, «Эйр Астана» әуе компаниясы азаматтардың билеттерін қайта тіркеп, қонақүйлерге орналастырған. Сондай-ақ, Үндістандағы Қазақстан елшілігі де қолдау көрсетіпті.
Айта кетейік, кеше Делиден Астана мен Алматыға екі ұшақ ұшты. Бірақ олар Иран мен Оман арқылы елге жеткен. Айбек Смадияровтың айтуынша, осы оқиғаға байланысты ешбір қазақстандық Үндістандағы демалысын бұзбаған.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- 1-2 күндей елшілікте болды олар. Біздің дипломаттар оларға тамақ беріп, көмек көрсетіп, туған-туыстарымен байланыс орнатып, достасып та кетті. Басқа шетелдерде жүрген азаматтарға айтарымыз, елшілікке хабарласуға ұялмаңыздар.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ