Орта Азияда 11,4 тонна есірткі тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орта Азияда 11,4 тонна есірткі тәркіленді

04.03.2019

Биыл «Канал-центр» халықаралық операциясының нәтижесінде Орталық Азия аймағында 11 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өкілдері заңсыз бизнеспен күресті алты мемлекеттің аумағында жүргізген. Мамандардың айтуынша, есірткі саудасы терроризм, экстремизм және діни радикализмнің кеңінен дамуына әсер етіп отыр. Себебі, есірткі экспорттаушылардың көбісі - лаңкестік-экстремистік ұйымдар.

Мамандардың сөзінше, есірткі саудасы - көлеңкелі бизнестің ең табысты түрі. Ал, бұған сұраныс жыл сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Өйткені, жастарды нашақорлыққа итермелеп, заңсыз пайдаға кенелетін өндірушілер түрлі әдістер ойлап тапқан. Қазір әлемде 250 миллионнан астам адам есірткі қjлданады екен.

Ашита Миттал, БҰҰ аймақтық өкілі:

- Бүгінгі таңда наркобизнеске тосқауыл қою қиын. Өйткені, есірткінің бір түрін жойсаң, басқасы нарыққа шығады. Мысалы, соңғы 5 жылда синтетикалық заттардың 5 мыңнан астам түрі анықталды.

Есірткі саудасымен күрес Орталық Азиядағы маңызды мәселеге айналды. Мысалы, Ауғанстан соңғы 10 жылдағы әлемдегі ең көп есірткі өнімін шығаратын аймақ ретінде белгілі. Сондықтан, биыл «Канал-центр» операциясына 20 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Осының нәтижесінде, 11 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 3 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған.

Михаил Мелихов, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өкілі:

- Өкінішке қарай, синтетикалық психобелсенді заттардың түр-түрі шығып жатыр. Ауғанстаннан бөлек,  Латын Америкасы аймағынан әкелінген кокаин мен Мороккодан тасымалданған гашиш өнімдері табылды. Бұл есірткі саудасымен бүкіл әлем болып күресу керек екенін көрсетеді.

«Канал – центр» операциясы арқылы контрабандалық арналардың жолын кесу - басты міндет. Оған трансұлттық есірткі топтарының қызметін заңдастырудың алдын алу, заңсыз айналымнан қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды тәркілеу де кіреді. Сондықтан, мамандар кешенді жұмыс түрлерін одан әрі жетілдірмекші.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу