Теміртауда наубайхана жабылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда наубайхана жабылып қалды

04.03.2019

Теміртаудағы нан зауытының жұмысы тоқтап тұр. Оған басты себеп –кәсіпорынның коммуналдық мекемелер мен бюджет алдында жиналған қарызы. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, компанияның барлық берешегі  90 миллион теңге шамасында екен. Соның салдарынан мұнда еңбек ететін жүзден астам адам жұмыссыз қалды. Ал, олардың жалақы мәселесі еңбек инспекциясының араласуымен шешілген. Қазір компанияның жұмысшыларға 1,5 миллион теңге қарызы қалған. «Бидай-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты бұл наубайхана 2018 жылы 7 желтоқсанда жұмысын тоқтатқан. Зауыттағы барлық қондырғы әбден ескірген. Шығаратын өнім көлемі кәсіпорынның шығындарын өтеуге жеткіліксіз. 2017 жылы мұнда қысқарту болып, 217 жұмыскердің тек жартысы қалған еді. Алайда, компания қарызға белшеден батқандықтан тығырықтан шыға алмаған. Дегенмен, қалада нан тапшылығы мен оның қымбаттауы болған жоқ. Тұрғындар тәулігіне 15 мың бөлке тұтынсы, ол қажеттілік толық қамтамасыз етіліп отыр. Құрышты шаһардағы 6 шағын наубайхана жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, тапшылық болмас үшін қарағандылық 3 кәсіпорынмен келісім жасалған.

Райхан Тұяқова, наубайхана  директоры:

- Қысқарту кезінде тағы мәселелер туындады. Адамдарға өтемақы беру керек болды. Зейнетақы , коммуналдық төлемдер бойынша қарызымыз өсіп кетті. Кейбір жұмыскерге берешегіміз 1-1,5 миллион теңгеге жетті. Тіпті бұған дейін 5 жыл бойы еңбек демалысына шықпай жұмыс істегендер бар екен. Соның салдарынан жұмысымыз тоқтап тұр.

Ғалымжан Спабеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- 7 желтоқсан күні бұл кәсіпорынның жұмысы тоқтаған болатын. Бұл екінші рет тоқтауы. Бірінші тоқтауында қосымша операторлар шақырылып, оның коммуналдық қызметі қамтамасыз етілген болатын. Кәсіпорын іске қосылып, ары қарай жұмысын жалғастырып, қарыздары азаймай одан сайын өсіп кетті.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу