Таразда жарылыс болған үй тұрғындарының қарызы кешірілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда жарылыс болған үй тұрғындарының қарызы кешірілмек

04.03.2019

Таразда жарылыс болған үйдің тұрғындары «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы бойынша берешектерін өтемейтін болды. Олардың үйді жөндетуге жасаған келісімшарттары күшін жояды. Бұған дейін құрылыс компаниясы үйдің инженерлік-коммуникациялық жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Енді бұл шығындар қалалық бюджеттен қарастырылатын болып шешілді.  

Бейсенбек Жанбосынов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

- Атқарылған жұмыстар 14 миллион теңгені құрап тұрған екен. Ол төменгі жертөледегі инженерлік коммуникациялар желісі бойынша. Жаңа қабылданған шешімге байланысты ол қаражаттың барлығы кешірілді.

Сондай-ақ, жарылыстан баспанасыз қалған 12 адамның пәтерлері ипотекаға алынғандығы анықталып отыр. Бұл мәселеге қатысты барлық мәлімет жинақталып, тізімі Ұлттық банкке жолданды. Жойқын жарылыстың неден болғаны әлі нақты белгісіз болып отыр. Анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы тек 10 күннен кейін ғана белгілі болмақ. Еске салсақ, ақпанның 27-сі күні Тараздағы 9-шағын ауданында орналасқан №62 үйде жарылыс болып, 3 адам қаза тапқан. 6 адам ауруханаға түскен еді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу