«Nur Otan» партиясының XVIII съезінде әлеуметтің әлеуетін көтеруге арналған бастамалар көпбалалы аналарға үміт сыйлады. Мәселен, жағдайы төмен көпбалалы отбасы саны жағынан еліміздегі тұрғыны көп Алматы көш басында тұр. Енді көп ұзамай 1276 ана баспаналы болмақ. Жыл сайын жан саны еселеп өсіп келе жатқан мегаполисте бұған дейін де батыр аналар кезекпен баспана алып келген. Алайда, салынған үйдің саны аз болғандықтан, пәтер бәріне бірдей берілмейтін. Дегенмен, Президенттің тапсырмасынан кейін «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында ел демографиясының өсуіне үлес қосып жүрген аналарға барлық жағдай жасалмақ.
Жоқшылық көрдім деп мойымай жеті баланы жеткізген Жақсыгүл әр баланың өз несібесі бар деп, бала тууды шектемеген. Отағасымен бірге 20 жыл өтсе де, жақсылықтан күдер үзбепті. Бүгінде қолы ұзарып бейнеттің зейнетін көріп отыр.
Жақсыгүл Айтбекқызы, көпбалалы ана:
- 9 жыл кезекте тұрдым. Үш бөлмелі пәтер берілді маған 2017 жылы. Құжат дайындау жағы басында маған қиын болды. Өйткені мен тұрақты тіркеуге тұрмап едім.
Алматыда 10 жылдан бері тұрақты тіркеуге тұра алмай, Алматы облысы Жамбыл ауданы, Қарақыстақ елді мекенінен жұмысқа қатынайтын Серік Оразайұлы жол азабын тартып жүр. Қазір амалсыз бауырының үйінде үш отбасымен бірге тұруға мәжбүр. «Егер қаладан баспана алсам, пәтер іздеп алысқа сабылмаушы едім»,-дейді ол.
Серік Оразайұлы, Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны:
- Алматыға барып-келіп қатынаймын. Өйткені пәтер жалдауға да, тіркеуге де көп баламен ешкім алмайды.
Ал, оның жары Гүлнараның әр балаға тиісті жәрдемақы беріледі деген ақпаратты естігенде қуанышында шек болмады. Себебі ер жете бастаған балаларын ел қатарлы оқытуды армандайды. Кішкентайларын балабақшаға орналастырып қалаға келіп, жұмыс істеуге ниетті.
Қазір әр аймақта көпбалалы аналарға қолайлы жағдай жасау ісі қолға алынды. Мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетіледі.
Сайран Сайфеденов, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- Ең маңызды бағыттардың бірі - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлесе отырып, «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске қосу. Бұл бағыт аясында пәтердің алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Алғашқы жарнаға 1 миллион теңге тұрғын үй сертификаты беріледі. 18 жылға 2 пайыздық несиеге беріледі.
Мамандардың айтуынша, елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған бағдарламаларға ерекше екпін беріледі.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ