Басты Жаңалықтар Петропавлда «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылып жатыр

Петропавлда «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылып жатыр

Былтыр қолға алынған бастаманың ерекшелігі қалалық әкімдікке қарасты бөлімдердің жұмысы бірыңғайланып, тұрғындарға барынша көмек көрсетіледі. Яғни, бұрынғыдай кабинеттер алдындағы ұзын-сонар кезек жойылып, қызмет көрсету мерзімі де қысқарған.

Сая Рахметова бүгін қалалық әкімдікке немересін балабақшаға кезекке қоюға келген. Кіре берістен-ақ «Ашық әкімдік» жобасының кеңесшісі күтіп алып, жол сілтеді. Қажетті құжаттарын бір жерден алып, электронды кезекке тұрды.

Сая Рахметова, қала тұрғыны:

- Өте қолайлы екен. Кіреберістен кеңесші күтіп алып, электронды талон беріп, керекті кабинетке бардым. Онда кеңесші автоматтық жүйеге кезекке тұру туралы кеңес берді. Өте ыңғайлы.

Жобаның ерекшелігі - қызметтерді оңтайландырып, жемқорлықтың алдын алуға көмектеседі. Яғни, бұрындары кезек күтуден шаршаған кейбір тұрғындар таныс іздеп, пара беруге дейін барса, енді ондай заңбұзушылыққа жол берілмейді.

Руслан Шарипов, «Ашық әкімдік» жобасының жетекшісі:

- Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты сұрақ туындай қалса, мамандар кеңес береді. Бұл қызметті біз жуырда интернет желісі арқылы да көрсетілетін қыламыз.

Қазіргі таңда күн сайын 200-ден астам адам осы жобаның игілігін көреді. Кедергілер жойылған, келушілерге жағдай жасалған. Болашақта «Smart City» бағдарламасы негізінде қаланың ақпараттық картасын енгізу жоспарланған.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Бөлісу