Қазақстанның сертификатын шетел мойындамайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның сертификатын шетел мойындамайды

28.02.2019

Соның салдарынан органикалық өнім өндірушілердің дені экспортқа шыға алмай отыр. Ал, Еуропаның талабына сай құжатқа ие болу қымбат. Кедергі мен кемшілікті түзетуге енді көңіл бөліне бастады. Литвалық мамандар көп шығындалмай тиісті сертификатты қалай алуға болатындығы туралы семинар өткізді.

Алматы облысында алма мен алмұрттан шырын шығаратын агрофирма бар. Аумағы 200 гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызған. Өндірістің жылдық қуаты 1,5 млн литр. Табиғи таза өнім әзірге мұсылман мемлекеттеріне халал таңбасымен тасымалдануда. Ішкі нарықта қалатыны 30 пайызы ғана. Бірақ органикалық сусынға сырт жақта сұраныс жоғары. Ал, қолбайлау болып тұрғаны мынау.

Самат Досқаев, Органикалық шырын компаниясы басшысының орынбасары:

- АҚШ, Жапония, Қытай елдеріне жіберу үшін бізге сертификат керек болып тұр. Біздің отандық сертификат жарамайды шетелге.

Әрине, бірінші кезекте кәсіпкер үшін баға саясаты маңызды. Есесіне отандық тауар таныла түседі. Былайша айтқанда, органикалық өнімдерімізден бренд жасауға ресурс бар. Бірақ рұқсат жоқ.

Талғат Әбсаттар, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ Білім тарату орталығының жетекшісі:

- Бидай, майлы дақылдардың көбісінде тауар өндірушілер химиялық тыңайтқыштарды қолданбайды. Сондықтан біздің жеріміздің тазалығы жақсы. Осы органикалық өнімді келешекте шығарып, оны 1,5-2 есе қымбат бағаға сатуға біздің мүмкіндігіміз бар.

Иә, бар. Тек талапқа сай сертификатқа иелік еткен жағдайда. Бірақ біздегі ұлттық сертификаттау орталығы Еуроодақтың комиссиясынан өтпеген. Тиісінше өнімдерімізді шетел органикалық деп есептемейді. Ал, егер тіркеліп, бірлесе жұмыс істесе, тауарды экспортқа шығаруға тосқауыл жоқ. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кедергілерді жою жолында талпынып жатыр. Литвадан мамандар шақыртып, аккредиттеу мәселесін шешуге көшкен.

Арсен Керімбеков, «Атамекен» ҰКП құзырет орталығының директоры:

- Алаяқтық сияқты әрекеттер ол жақта жоқ. Еуропалық комиссия өнімнің сапасы мен сақталуына және тасымалына қатаң қарайды. Бізде органикалық тауармен айналысушылар қатарында адал кәсіпкерлер бар. Біз соларға арқа сүйейміз. Қолдау көрсетуге тырысамыз.

Қазір Қазақстан органикалық өнім одағында 61 өндіруші ғана бар. Олар 10 млн доллар көлемінде тауар өткізеді. Негізі әлеуеті жылына 200 млн еуроға дейін жетеді. Яғни, елдегі сертификаттау орталығы Еуроодақтың арнайы органына тіркелсе, сауда да қызады деген сөз.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу