«Туған жерге туыңды тік»! Осы бастаманы ту еткен Жамбыл жұрты өз ауылдарын көркейтуге барын салуда. Айталық, Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылы түлектері былтыр 200 миллион теңгеден астам инвестиция құйған. Биыл да бюджеттің бүйіріне жармаспай бірталай істі бітірудің жоспары жасалған.
Бұл - Балуан Шолақ ауылында өтетін жыл сайынғы дәстүр. Жұрт болып жұмыла кірісетін әр іс ақсақалдарының батасымен басталады. Былтыр ауылдың қақ ортасынан зәулім мешіт салынды. Осылайша туған жерінің туын көтерген азаматтардың арқасында ауылдың кем-кетігі түзеліп келеді. Енді дәл осы жерден көпшілікке қажетті наубайхана, шаштараз, сауда үйі, спорт кешені мен тарихи музей бой көтермек.
Назар Қасабаев, ауыл тұрғыны:
- Тығыз байланыспен жұмыс істегеннің арқасында осындай деңгейге көтеріліп отырмыз. Бұл жерде басқаша тіршілік, қоян-қолтық жұмысқа араласып кеттік. Енді тағы бір жобаны көрсетіп жатыр.
Ауылға әкім болып келген Найман Сұлтанбаев тұрғындардың тілін таба білген. Жергілікті жұрт та іскер азаматты жатырқамай, ілкімді жобаларын іліп әкетіпті. Былтыр сыртта жүрген іскер азаматтар ауылға 200 миллион теңгеден астам қаражат құйды.
Найман Сұлтанбаев, Балуан Шолақ ауылының әкімі:
- Жігіттердің де басын қосып, ауылға деген сағынышын жеткіздік. Бізде қазір 2 мыңға жуық халық бар. Үкіметке алақынымызды жайып отырғанымыз жоқ. Қалайда мына ауылды көтеру керек. Жаны жайсаң, жомарт азаматтар бар.
Ауыл тұрғындары да құр алақан емес. 11 баланың анасы Шымшық әженің өзі қайырымды іске балаларын баулып келеді. Ауылдағы ескі қорғандарды өз қаражатына қоршатты. Енді жағдайы төмен отбасына баспана салып бермек.
Осылайша Балуан Шолақ ауылдық округі әлеуметтік жағынан барынша қамтылған ауылдардың қатарына қосылды. Мектеп, балабақша, ауызсу, кітапхана, мәдениет үйі, пошта, жол, жарықтандыру сынды мәселелер толықтай шешімін тапқан.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.