Ауылға кел, жас маман! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылға кел, жас маман!

27.02.2019

2009 жылдан бері Алматы облысында 6 мыңнан астам жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа тұрды. Олардың 4 мыңнан астамы - білім, 1,5 мыңы - денсаулық сақтау, қалғандары мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларды қамтыды. Бағдарламаның тиімділігін білген жастар әлі де Жетісудың түпкір-түпкіріндегі елді мекендерге барып, еңбек жолын бастап жатыр.

 

Акушер-гинеколог Әлия Сариева Сыр елінің тумасы. Оқуын бітіріп, тұрмыс құрып ауылға бет алды. Балпық би ауылының емханасында былтырдан бері еңбек етіп келеді. Жас маман ретінде баспаналы болды. Ауылдан отағасына жұмыс табылып, кішкентайын мемлекеттік балабақшаға орналастырды. «Мемлекет осындай қамқорлығын жалғастыра берсе, әлі талай жас қанатын қатайтып, елге ерінбей қызмет етеді»,-деген пікірде.

Әлия Сариева, акушер-гинеколог:

- Қаншама жас маман бар? Түлектер бар. Олар өз ауылына барғанда осындай қолдауды қажет етеді. Егер де Үкімет осы бағдарламаны ұзарта берсе, жастар келе берсе, өте жақсы болады. Тәжірибе жиналады осы жақта.

Дәл осы Балпық би ауылындағы мектепте Кәмиля Көкенова да еңбек жолын бастады.

Кәмиля Көкенова, мұғалім:

- Осы мамандық бойынша жұмыс жасап жатқаныма өкінген емеспін. Және болашақта да өкінбеймін деген ойдамын. Себебі менің оқушыларым қазіргі таңнан бастап көптеген олимпиадаларға қатысып, жақсы жетістіктер, нәтижелер көрсетіп жатыр. Және де болашақта біз талай биіктерді бағындырамыз деген ойдамын.

Алматы облысының ауылдарына ат басын бұрған 6 мыңнан астам маманға 10 жылда 800 млн теңгенің жәрдемақысы берілді. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық маманға баспана сатып алуына 7,7 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесі берілді. 2019 жылға 700-ден астам маман көтерме жәрдемақы алуға құжат өткізген.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу