Басты Жаңалықтар «Masele». 2019 жылы Қазақстандағы 505 елді мекенді су басып кетуі мүмкін

«Masele». 2019 жылы Қазақстандағы 505 елді мекенді су басып кетуі мүмкін

Ауаның ауанын аңдамасаң артының не боларын аңғардыңыздар, ардақты ағайын. Енді су туралы сөйлесейік. Бүгінімен өмір сүретін адамзатқа ертеңін айтуды әдет қылған ғалымдар 2100 жылы Жер бетіндегі су көлемі 77 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін, деді. Елестетіп көріңізші. Салдары сойқан. Мұздықтар еріп су көлемі айтылған деңгейге дейін көтерілсе Нидерланд, Бангладеш, Мальдив елдері қызыл судың астында қалады. Ол ол ма, БҰҰ-ң сарапшылары айтты, табиғатты қазіргідей қолдана берсек, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Германия сынды алпауыт елдердің біраз бөлігі тұншыққалы тұр.

Айтып келмейтін апат саясаттағы салмағыңа, атыңа, алтыныңа қарап жатпайды. Арнасынан адасып аққан судан ең көп зардап шегетін Қытай, ол жақта 140 миллион адам баспанасыз қалады деп қорытынды жасады ғалымдар. Ал Жапонияда 30 миллион адам ас-сусыз босып кетуі мүмкін. Бұл ғаламдық жылынуды тоқтатпаса топан су басады деген ақпарат. Ал бізде ше?

Ғаламшар жылынып кетпей-ақ, бір өңірге көктем ерте келсе абдырап қаламыз. Өйткені, жылда  «бәріне дайынбыз» дейтін жергілікті шенеуніктердің артынша «су басқан аймақтарға ақша беріңіздерші» деп бюджетке алақан жайып отырғанын жиі көреміз. Халық суға кетіп жатқанда тек өзінен жоғары биліктің алдында салдары суға кететін жауапты қызметтегі жауапсыздарға қанша айтсақ та түзелетін түрі жоқ.

Биыл, үшінші жыл қатарынан дабыл қағамыз. Қарапайым халық қызыл судың астында қалмасын, қараңдар, ауылдарды аралаңдар деуден жалықпаймыз, жергілікті жердегі әкім-қараларға. Өйткені, есеп есіңді алады. Кеңестік кезде тұрғызылған су нысандарының 95 пайызы әбден ескірген, 108 ірі су қоймасы қараусыз жатыр деп еді былтыр мамандар. Биылғы ахуал да көңіл көншітпейді. ІІМ министрі қызметінен кетпей тұрып 12 ақпандағы Үкімет отырысында Қалмұханбет Қасымов, көктемде қызыл судан келер қауіпке тиісті орындардың тұтастай дайын еместігін ескертті.

«...Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқынынан келер қауіпті азайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Ағымдағы жылы 505 елді мекенді су басу қаупі бар».

Әне, 2019 жылы Қазақстандағы 505 елді мекенді су басып кетуі мүмкін. Айтып келмес апаттан соң ол жақтағы ағайында тігерге тұяқ қалмайтыны, шалғайдағы жұртта артық ақшаның болмайтыны, қарапайым елдің сорлайтыны бәріне белгілі. Қанша айтсақ та, сөз өтпейтін әкім-қаралар ең болмағанда әлгі айтылған ауыл-аймақтарға барып қауіпсіздік шараларын  қолға алды деген сенімдеміз. Өйткені, ағайын арыз айтса жақтырмай, беті-басын тыржитып, шаруаға шабармандарын жіберіп өздері шекшиіп отыратын жауапсыздарды әбден көріп бітті көпшілік. Айтыстан бір шумақ айтайын:

«...Әйтпесе, бұл күндері әкімдер көп,

Өздері емес замдары заулайтұғын.

Қолым тимей жатыр деп орынына,

Қолшоқпарын жұмсай сап алдайтұғын.

Су басып, үйлер құлап, өрт шықса да,

Шаруаның басына бармай-тұғын.

Ал, бірақ сол әкімдер ұмытпасын,

Түбінде ажал бәрін жалмайтынын.

Өлген соң кезінде өзі көзге ілмеген,

Халықтан айырмасы қалмайтынын.

Офшордағы ақшасын ап кететін,

Ақ кебіннің қалтасы болмайтынын.

Көрге түсер уақытта орынына,

Көмекшісін жібере алмайтынын».

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

«Masele». Мұрағат

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу