Зағип жандар жұмысқа зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зағип жандар жұмысқа зәру

22.02.2019

Қызылорда облысында 1206 зағип жан бар. Соның 69-ы ғана жұмыспен қамтылған. Көкірегі ояу, сауатты, қол-аяғы балғадай азаматтар тұрақты табыс тауып, отбасын асырағысы келеді. Бірақ, өкінішке қарай, ешқандай мекеме мұндай жандарды жұмысқа қабылдамайды.

Дулат Асылханов 1-топтағы мүгедек. Көзі нашар көреді. Бірақ қол-аяғы сау. Сондықтан 55 жастағы азамат қол қусырып отыра алмайды. Отбасының жалғыз асыраушысы болған соң, ештеңеден тайынбайды. Еңбек етіп, нәпақа тапқысы келеді.

Дулат Асылханов, 1-топтағы мүгедек:

- Бізді ешкім алмайды. Жалғыз бір жәрдемақы неге жетеді? Кез келген жұмысты істей аламын.

Дулат секілді азаматтар «Ұшқын» мүгедектерді қорғау және жәрдем беру орталығына келіп, бірнеше сағат жеңіл-желпі жұмыс істейді. Себебі бұл мекеменің басшысы Бақыт Жұмашев өзімен тағдырлас жандарды қай кезде де қолдауға әзір. Осы уақытқа дейін 8 зағип азаматқа жұмыс берді. Мұнда компьютер орталығы, жарнама агенттігі, тігін цехы, ағаш шеберханасы, жиһаз салоны бар. Енді электр құрылғысын құрастыратын шағын цех ашпақшы.

Бақыт Жұмашев, «Ұшқын» мүгедектерді қолдау және жәрдем беру қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- 51 азамат келді. Бізді жұмыспен қамтысаңыз деп. Қамтығымыз келеді, бірақ қазір бізге тапсырыс болмай отыр. Сондықтан өзімнің де қолым байлаулы болып отыр.

Бауыржан есімді азамат та осында еңбек етеді. Екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әке үшін тұрақты табыс керек.

Бауыржан Еспембетов, 1-топтағы мүгедек:

- Менің бір ұл, бір қызым бар. Бұрын үйленіп, ажырасқанмын. Қазір пәтерде тұрамын. 30 мың төлейміз.

Дулат та, Бауыржан да бұл жерде уақытша жүр. Егер жаңа цех іске қосылса, олар тұрақты еңбекпен қамтылады. Олардан өзге 20 зағип жанды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу