Қарағанды облысында заңды түрде тіркелген 1200 үкіметтік емес ұйым бар. Алайда, соның тек 30 пайызы ғана нақты жұмыс істейді екен. Қазір бұл салаға мемлекеттен бөлінетін грант көп. Бірақ қоғамдық жұмысты иіріп әкететін көшбасшылар жоқтың қасы. Өңірдегі Азаматтық альянстың президенті Гүлнар Құрбанбаева осылай дейді.
Сондықтан ең әуелі олардың білімі мен біліктілігін, құқықтық сауатын жетілдіру керек. Азаматтық альянс президентінің айтуынша, қазір медицина, бизнес салаларындағы және мүгедектермен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар өте белсенді екен. Қалғандарының іс бітіріп жатқаны шамалы.
Гүлнар Құрбанбаева, Қарағанды облыстық Азаматтық альянстың президенті:
- Мемлекет осы секторда кәсіби мамандар даярлайтын ғылыми институттардың, академиялардың жұмысын жолға қою керек. Өкінішке қарай, біздегі үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігінің көшбасшылары кәсіби тұрғыда әлсіз. Құқықтық сауаты төмен. Соның кесірінен көп жұмыстар кенже қалып жатыр, қолға алған мәселелері шешілмейді. Қоғам мен билік арасында байланыс жоқ.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.