Басты Жаңалықтар Құдықтан қақпақ кетсе, қауіп күшейеді

Құдықтан қақпақ кетсе, қауіп күшейеді

Кәріз құдығының шойын қақпағынан жуық арада құтылу қажет. Әйтпесе, темірді теңгеге айналдыратындар апатты да, опатты да ойлап жатқан жоқ. Ал, Астанада 80 мыңнан астам шұңқыр бар. Соның тек 6 мыңы тормен бекемделген. Қалғандары қараусыз десек те болады. Өйткені, мамандардың өздері бүгін орнатқанымызды ертең ұрлап кетеді,-деп мойындап отыр. Ал мұның алдын алудың амалы қандай?

Қалай соқса да сынбайды. Себебі, төзімді материалдар қоспасынан жасалған қақпақ. Тіпті үстінен ауыр жүк көлігі жүріп өтсе де түк болмайды.  Мұны композитті қақпақ,-дейді. Бізге де сондайын жеделдетіп орнату керек. Себебі, темір түрін күнде үптеп кетіп жатыр. Міне, былай санаулы секундта жоқ қылып жібереді.

Былтыр «Астана су арнасы» кәсіпорны 1400-дей құдық қақпағын қайта жаңалаған. Қаржылай жағын айтпағанда адам шығындары бар. Қайғылы оқиғалардың дені қаланың сырт жағында болады.

Сергей Вилков, «Астана су арнасы» МКК бас директорының орынбасары:

Камера орнатылған жерлерде еш мәселе жоқ. Тек қар тазалайтын техника қақпақты жұлып кетуі мүмкін. Камера бар жерде ұрлық атымен жоқ. 

Шаһардың іші не сырты болсын адамдар сақтандырылуы тиіс. Әкімдік соған әзірлік жүргізуде. Кей нүктелерде кемшіліктер түзетілген. Мысалы, шойын қақпақ ұрланып құдық ашық қалғанда қауіптен қорғау үшін торлап тастаған.

Жылдам қимылдаған «Жылу транзит» кәсіпорны ғана. Астана бойынша мекемеге тиесілі 14 мыңдай құдық болса соның 6 мыңы тормен нықталған. Қалғандары қауіпсіз. Өйткені, тереңдігі тізеден ғана келеді. Бірақ, бұдан қауіп сейілмейді. Қалада әлі 70 мыңнан астам шұңқыр бар. Оларды түгендеу жұмыстары енді басталды.  

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:

Кей жерлерде біз қазіргі жасап жатқан жұмысты жалғастырамыз. Темір люктерді де орнататын боламыз, ал жаңа жобаларда мүмкіндігі бар жерлерде композитті материал және арнайы тігілген полиэтилен торды қолданатын боламыз.

Бұл жоспар ғана. Нақты іс әлі бекітілмеген. Сондықтан, құдықтың құрбанына айналмас үшін қырағы әрі сақ болған абзал. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу