Басты Жаңалықтар Киіктерді қорғау үшін Қорғалжын қорығының аумағында балық аулауға тыйым салынды

Киіктерді қорғау үшін Қорғалжын қорығының аумағында балық аулауға тыйым салынды

Көрші елдерден кей жеміс түрлері мен көкөністі кіргізуге шектеу қойылды. Өйткені алма, анар және құрмамен қоса, картопты да құрт құртып жатыр. Бүгінге дейін фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмейтін 500-ден астам факті анықталыпты. Дейтұрғанмен, Қырғызстан мен Өзбекстан өнімдерін өткізуден тайсалар емес. Сондықтан әр тұтынушы сақ болғаны абзал.

Шектеу кешеден бері енгізілді. Өйтпеске мамандардың амалы қалмаған. Себебі зиянкес кемірген өнім көбейіп кеткен. Алма, анар және құрмадан комсток сымыры табылса, картоптан жұмыр құрты анықталыпты. Демек, дереу тыйым салмаса, салдары ауыр. Сондықтан көкөністің тұқымы тұрмақ, азықтық түрін де елге кіргізбейтін болып шешті.

Қайрат Бисетаев, «Қазақстанның картоп және көкөніс өндірушілері одағы» төрағасы:

- Жерге тигізер залалы үлкен. Жұмыр құрт тамыр мен түйінді зақымдап, картоп өндірісіне зиян келтіреді. Картоп пен майлы дақылдарды өсіруге егістік жарамай қалады. Бұл Қазақстанның әр өңірінде кездесуі мүмкін жағдай. Қауіп көп. Сондықтан осы мәселеге дер кезінде мән берілгеніне ризамыз.

Алайда, пайданы көздегендер тасымалдаудан тыйылар емес. Әсіресе, Қырғызстан тарапы. Мысалы, былтыр мен биыл қаңтар аралығында карантиндік жүктерге тексеріс кезінде 500-ден астам факті тіркелді. Өзбекстаннан да соңғы екі айда құрттаған анарлар анықталған.

Алмабек Марс, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары:

- Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен қазір тиісті шаралар қолданылып отырған жоқ. Біздер әр факті бойынша нотификация жіберіп отырмыз. Сол себептен біз қазір тыйым салуға мәжбүр болып отырмыз.

Кезекті мәселе киіктердің өмірі төңірегінде өрбіді. Қорғалжын қорығының барлық аумағында бұдан былай балық ауланбайды. Тыйым салынды. Есей, Сұлтанкелді, Қоқай көлдеріне қармақ салу құралай үшін қауіпті. Себебі Бетпақдала популяциясының 2 мыңға жуығы сол көлдердің айналасында қыстайды.

Қайыр Рыскелдинов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Ол бір заттан, көлік сигнал бергеннің өзінен де шошып, жүрегі жарылып кетуі мүмкін. Сұлтанкелді көліне балық аулауға келгендер киіктерді ұстап, суретке түсіп, оны қинап, есін шығарған. Сондықтан сондай жағдай болмас үшін біз қазір тыйым салдырып отырмыз.

Ал, мұны елемегендерді әкімшілік, тіпті қылмыстық жаза да күтіп тұр.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу