Басты Жаңалықтар Автобан Екпінді ауылының жұртын азапқа салды

Автобан Екпінді ауылының жұртын азапқа салды

Жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін жолдардың салынуы көлік иелерін қуантқанымен, жол бойында тұратын халыққа біршама қолайсыздық тудыруда. Алматы облысы Іле ауданындағы Екпінді ауылының тұрғындары арнамызға шағым айта келді. Жергілікті жұрттың сөзінше, елді мекенді басып өтетін автобанда соңғы 10 жылда 100-ден астам адамды көлік қағып, мерт қылған. Олар арыз айтып, талай мәрте жергілікті басқару орындарының табалдырығын тоздырған. Бірақ еш нәтиже шықпаған.

Айнұр Көбейсінқызы жол-көлік апатынан кейін 2,5 ай өлім мен өмірдің арасында жатқан кезін ұмыта алар емес. Сол уақыттан бері екі жыл өтсе де, сол маңға жаяу жүргіншілер үшін ешқандай жағдай жасалмаған.

Айнұр Рахманова, Екпінді ауылының тұрғыны:

- Менен кейін де тағы бір келіншекті қағып кетті. Өткенде балалы келіншекті қағып кетті тура осы жерде. Баласының қолы сынды.

Бұл облыстық маңызы бар жол. Сондықтан мұнда бағдаршам орнатуға болмайтынын ауылдықтар жақсы түсінеді. Десек те, тұрғындар аспалы көпір салса екен деген көлдей тілегін де тиісті орынға жеткізген. Алайда, 10 жылдан бері түрлі сылтау айтып келген облыстық басқарма өкілдері тағы да күте тұруын өтінген.

Серік Зейноллаұлы, Алматы облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Қар көбесі сөгіліп, күн жылынған соң халықтың ұсынысы мен өтінішін назарға алып, жол полициясымен бірге жол белгілерін қойып береміз.

Халықтың тағы бір базынасы бар. «Өлім жолы» атап кеткен жерде көлік апаты болып, адам өлім ауызында жатқанда жәдел жәрдем шақыра алмай қиналады. Шақырған күнде де, дәрігерлер «бұл учаске бізге қарамайды» деп, келмейді екен.

Тасжолдың арғы беті Қарасай, бергі беті Іле ауданына қарағандықтан, түйткілдің түйіні әлі күнге дейін тарқатылмай келеді. Себебі жол апаты болған жағдайда, істі екі аудан бір-біріне сілтейді. Сондықтан бұл мәселе біржақты шешілгенше тұрғындар үшін жолдан өткенде сақ болудан басқа амал жоқ.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу