Ақтөбедегі кәсіпорындар қарызға белшеден батып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі кәсіпорындар қарызға белшеден батып отыр

19.02.2019

Ақтөбе облысында кәсіпорындардың жұмыскерлер алдындағы қарызы 140 миллион теңгеге жеткен. Олардың арасында айлықты жылдап төлемегендері де бар. Өңір басшылығының мәліметінше, тек ірі үш компанияның берешегі 66 миллион теңгеден асып кеткен. Тағы 28 серіктестіктің аяғынан тік тұруы үшін қолдау көрсетіліп жатыр. Олардың жалақы бойынша қарызы - 71,1 млн теңге.

Бұған дейін қарызды жою жұмыстарымен арнайы штаб айналысып келген еді. Мәселені енді облыс басшылығының өзі назарға алды. Қарызға батқан компаниялар берешегін жеке иелігіндегі мүліктерді сату арқылы өтеуге міндеттелді.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

-Мәселен, «Жаңатас-Ақтөбе» кәсіпорнына сот шешімімен 481 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Жұмысшылар 2018 жылдың маусымынан қарашаға дейін жалақысын алмаған. Енді 46,5 млн теңгені кәсіпорын өзіне тиесілі мүлікті сату арқылы қайтарады. Құрылған жұмыс тобы басқа да берешегі бар кәсіпорындармен осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу