Басты Жаңалықтар ШҚО тұрғыны ерекше кәсіппен нәсібін тауып жүр

ШҚО тұрғыны ерекше кәсіппен нәсібін тауып жүр

«Осы мамандығыммен мақтанамын». Ол көп кісіге жақсылық жасап жүр. Көп кісіден алғыс алып жүр. Адам қауіпсіздігі үшін аса маңызды мамандықты игерген жан. Шығыс Қазақстандағы Алтай ауданының тұрғыны ерекше кәсіппен нәсібін тауып жүр.

Пештен шығатын улы газ - қаншама отбасын қоғадай жапырған тілсіз жау. Елімізде соңғы бес жылда 500-ден астам адам иіс тиіп қайтыс болған. Негізі тұрғындарды сол тілсіз жаудың тұтқыны болудан қорғайтын ерекше мамандық бар. Шығысқазақстандық Әліби Қожин сол ерекше мамандық иесі. Ол - мұржа тазалаушы. Жер үйде тұратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адал еңбегімен ел-жұртқа сыйлы болған азаматпен тілшіміз Берік Көшербай кездесіп қайтты.

Берік Көшербай, тілші:

- Әлемнің көптеген елінде ерекше ырым бар. Мұржа тазалаушымен кездескенде онымен міндетті түрде амандасып, киіміндегі бір түймесін алып қалу керек деген. Сонда адамның барлық армандары орындалып, бақытқа кенеледі.

Әліби Қожин бұрын көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Мұржаны ыстан тазалайтын ауылдасымен бірге жүріп, осы кәсіптің қыр-сырына қанықты. 2-топтағы мүгедек осы кәсіппен 10 жылдан бері айналысып, отбасын асырап отыр.

Бүгінде Алтай ауданында Әлібиді танымайтын адам жоқ. Жыл сайын 500 үйге қызмет көрсетеді. Арнайы аппараты бар. Тұрғындар оның көмегіне жиі жүгінеді.

Әліби Қожин, мұржа тазалаушы:

- Маған әбден қиын жағдайда қоңырау шалады. Түтінге тұншығып жатырмыз, үйде бала-шаға, кәрі адамдар бар деп. Құдықты аша алмайды, төбеге шығып мұржаны тазалай алмайтын адамдар.

80 жастағы Жұмақан Қайырбаевтың 15 баласы бар. Бүгінде кенже ұлының қолында тұратын ақсақалдың айтуынша, пешті ыстан тазалау - бүкіл отбасының қауіпсіздік кепілі. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Cоңғы 3 жылда Шығыс Қазақстанда пештен шыққан улы газдан 472 адам уланып, 33-сі ажал құшқан.

Жұмақан Қайырбаев, Алтай қаласының тұрғыны:

- Мұржаны тазалап бергеннен кейін түтін шықпайды, пеш жақсы тартады. Тартпай қалғанда қиналып отырамыз, одан кейін иіс тиіп қала ма деп тағы қорқасың.

Әліби Қожин 4 баланың әкесі. Әйелі және үлкен ұлы медицина саласында. Мұржа тазалауға кейде мұрша келмей қалғанда олар да қолғабыс етеді. Кәсібіне адал, ісіне ұқыппен қарайтын отағасына деген құрметтер ерекше.

Былтыр Әліби Қожин «Bastau Бизнес» бағдарламасы бойынша қаржылай грантқа ие болыпты. Берілген қаражатқа қажетті құрал-жабдық сатып алған. Ендігі арманы - ескі көлігін жаңарту. Осы мәселе шешілсе, көрші аудандарға да қызмет көрсетуге құлшынып отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу