Кәріз құдығына абайсызда құлап кеткен 4 жастағы баланы құтқарып қалған Нәдір Омарғазиевті бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев марапаттады. Астанадағы №39 кешкі мектептің оқушысына «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі мен Алғыс хат және бағалы сыйлық табысталды.
Сондай-ақ, Нәдір Омарғазиевке Ішкі істер органдарының академиясында білім алуға квота берілетіні де белгілі болды. Оқушы көпбалалы отбасының үлкені. Өткен аптада ол сыныптасы екеуі мектептен келе жатып, құдыққа түсіп кеткен 4 жасар баланы құтқарып қалды. Олар көмек іздеп, айқайлаған баланың анасын байқап қалып, дереу шешім қабылдап, құдықтан баланы алып шыққан.
Нәдір Омарғазиев, оқушы:
- Екі әйел адамды көрдік жылап жүрген. Құдық терең деп ойлаған жоқпыз. Барған кезде суды көрдік, баланы көрдік. Құдық терең болғандықтан, аяқ киімімді шешіп, ішіне түстім.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.