Басты Жаңалықтар Астанада мектеп директорлары кең кабинеттерін босатып, шағын бөлмелерге ауысады

Астанада мектеп директорлары кең кабинеттерін босатып, шағын бөлмелерге ауысады

Астанадағы мектеп директорлары 3 күннің ішінде өз кабинеттерін босатуы керек. Енді олар ауданы кең кабинетерін оқушыларға босатып беріп, өздері мектептердің бірінші қабатына жайғасатын болады. Қаладағы 85 мектеп басшысы дүйсенбіге дейін көшіп бітуі керек. Олардың кейбірі бұл жұмысты бастап кетті.

Бұл - сол жағалауда алғаш бой көтерген №17 мектептің директоры. Хатшысы мен орынбасарларын қосқанда 84 шаршы метр кабинетте отырған. Яғни, кемі үш бөлмелі пәтердің аумағы. Бүгіннен бастап ол бірінші қабаттағы ауданы 12 шаршы метр мына кабинетке көшті. Енді оқушылар мен ата-аналар «директор қайда?» деп іздеп жүрмейді. Басшы кіреберісте, бірінші қабатта отырады. Ал, кең кабинет оқушыларға берілді.

Рәмзия Өмірбаева, №17 мектеп-гимназияның директоры:

- Робототехника мамандығы енгізілген болатын. Мен отырған кабинет осы пәнге берілді. Мен мектеп басшысы ретінде бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдадым.

Ал, бұл №80 мектеп. Кеше ғана директор отырған ат шаптырым ауданы бар бөлмеде балалар бүгіннен қосымша сабақ өтуде. Бұл мектептің де әкімшілігі бірінші қабаттағы кішкентай кабинетке көшкен. «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында өзге де директорлар 80, 90 шаршы метрлік кабинеттерінен көшуде. Басты мақсат - оқушы сыйымдылығын арттыру, басшы мен ата-ана алшақтығын азайту.

Жазира Жылқышиева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент директоры:

- Кең кабинеттерді неге оқушыларға бермеске? Қазір қаншама қосымша пәндер бар.

Келесі аптада жоба жетекшілері мектептерді аралап, бастаманың орындалғанына көз жеткізетін болады. Мектеп басшылары бұл реформаны бір ауыздан қолдап отыр. Жыл аяғына дейін қалалық деңгейдегі өзге де мемлекеттік мекемелерде осындай жұмыс жүрмек.

Осылайша кеңестік кезеңнен қатып қалған қағида өзгеріп, кабинет, хатшы деген түсініктер жойылмақ. Дегенмен, әзірге тек қалалық деңгейде және Астана қаласында. Тәжірибе сәтті шықса, өзге өңірлерде де осындай өзгеріс болады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу