Басты Жаңалықтар Қазақ тілін дамытуға ЖИ мүмкіндіктері пайдаланылмақ

Қазақ тілін дамытуға ЖИ мүмкіндіктері пайдаланылмақ

Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Кездесуде қоғамның қазақ тілін дамыту бағытында жүзеге асырып жатқан жобалары таныстырылды. Олар қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту сынды үш негізгі бағытты қамтиды. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын мәтін корпусы қалыптасқан. Сонымен қатар 12 мың сағат аудиожазба жинақталған. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шыққан. Кездесу барысында Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы да баяндалды. Қазіргі уақытта қорға түскен жарна 824 миллион теңгеге жеткен. Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жоспарларының жүзеге асуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрету және ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.

Бөлісу