Басты Жаңалықтар Жолдау: Елімізде биыл 1,1 млрд м³ су үнемделді

Жолдау: Елімізде биыл 1,1 млрд м³ су үнемделді

Еліміздегі құрылыс материалдарының 73% отандық өнім. Енді шағын және орта бизнес өкілдерінің шығарған заттары «Халықтық құрылыс» жобасына кеңінен қолданылады. Өйткені биылдың өзінде құрылыс жұмысына 1,5 трлн теңге бөлінді. Жолдауды түсіндіру тобының тараздықтармен кездесуінде осы және өзге де мәселелер әңгіме өзегіне айналды.

Жолдауды түсіндіру тобы Жамбылға жетіп, этномәдени бірлестік жетекшілері, дала диқандарымен кездесті. Фермерлерді Президент жолдауындағы су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша қолға алынған шаралар қуантты. Мәселен, биыл елдегі алқап көлемі 702 мың гектарға жетіп, 1,1 млрд текше метр су үнемделген. Мемлекет басшысының жол сапасын жақсарту тапсырмасы да шаруалар ісіне шырай кіргізбек.

Әбдірахман Зайнутдинов, «Тараз қаласының өзбек орталығы» ҚБ төрағасының орынбасары:

Ең үлкен материк - Еуразия. Қазақстан соның ең ортасында. Міне, қараңыздар, бар сауда-саттық жол қайдан өтеді? Қазақстаннан өтеді. Президентіміздің айтқанынан ұнағаны - сауда-саттық болатын болса, мемлекетіміз бай болады. Сол жолдарды жөндетуіміз керек, жаңадан жолдар ашуымыз керек.

Жиында «Халықтық құрылыс» бағдарламасы бойынша биылдың өзінде 1,5 трлн теңге бөлінетіні де айтылды. Бұл құрылыс материалдарын шығаратын шағын және орта бизнесті де дамытады. Өйткені олар ел нарығының 73% отандық өніммен қамтып отыр. 

Бауыржан Сыздықов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы:

Енді 73 пайызды шығарып жатқан бүкіл орта және шағын бизнестің бәрі «Халықтық құрылысқа» қатысуы керек. Өзінің тауарын, өзінің затын, өзінің қызметін көрсететін. Соның бәрін  енгізу керек деген сөз. Міне, мәселе қайда жатыр?

Жолдауды жүзеге асыру аясында енді елдегі бизнесті артық әкімшілік шығынға ұшыратпау жайы да қозғалды. Бұл бағытта елімізде eGov Business платформасы негізінде кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетінің мүмкіндіктерін дамыту жалғасып жатыр. 

Бөлісу