Барыстарға арнайы репортаж жасаған тілші Ғабит Бөкенбаймен сұхбат
Ғабит, репортаж өзіме ұнады. Сенің сюжетіңнен кейін Алматыға кеткім келіп әрең отырмын. Жалпы, материалды әзірлеу барысында біраз қызықты бастан өткергендерің күмәнім жоқ. Қандай сәттер есте қалды?
- Қазақ қар барысын қастерлейтін халық. Бір қызығы, еліміздің символы саналатын барысты қорғау ісіне жаңағы Алексей мен Салтөре секілді 4-5 адам ғана шырылдап жүгіріп жүргені таң қалдырды. Ал, олардың ай сайын алатын айлығы тіпті есімнен тандырды. Қысы-жазы тау-тас кезіп жүріп алатын айлығы 30 мың теңгенің айналасы.
Жалпы, тау баласы болғандықтан тауға бару бұл бірінші кезекте демалыс. Палатка құрып таза ауада қону туралы ұсыныс айтып едім. Жігіттер құптамады. Түнегенде етектегі егерьдің үйіне келіп қондық. Бұл орайда, кадр сыртындағы оператор Олжас Берікбаевқа алғысым Алатаудай. Өзі талай жерде тайғанап құлап жүрсе де, камерасынан айырмайды. Қарды омбылап жүріп сәтті кадрлерді түсіріп шықты.
- Ғабит, ойламаған жерден алдыңнан ілбіс шыға келсе қайтер едің?
- Иә, бұл сұрақ Астанадан Алматығы пойызбен аттанып бара жатқаннан бастап мені мазалаған еді. Өз басым барысты жолықтырамыз дегенге 100 пайыз сенімды болдым. Ғайыптан тайып алдымнан шыға келсе, әрине, видеоға түсіріп алғанша асығар едім. Кез-келген мәселені бастамас бұрын оны терең зерттейсің. Барысты жолықтырған адамдардың бәрі оның жанарына таң қалған. Көздері алмаздай дейді. Не болса да, бұл жолы жолықпады. Келесі сапарда міндетті түрде көзбе-көз кезігеміз деген сенімдемін.
Қымбат ДОСЖАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы