Елбасының ұстазы Сейітхан Исаев өмірден озды
Президенттің сүйікті ұстазы, тарихшы Сейітхан Исаев 102 жасқа қараған шағында өмірден озды. «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері 1941 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін бітірген. «Еңбек жолын осы университеттен бастаған ардагердің тағылымды өмірі өскелең ұрпаққа үлгі», - дейді шәкірттері.
Ғасыр жасаған қазыналы қария саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеп, білімге құштар жастардың қанатын қатайтуға арнады. Сондықтан, оның шәкірттері елдің әр өңірінде қызмет етіп жүр. Солардың көш басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұр.
Кеңес Байбосынов, С.Исаевтың шәкірті, Елбасының сыныптасы:
- Ол кісінің адамгершілігі жоғары болатын. Бәрімізге жақсы тәрбие берді. Содан болар, ортамыздан Елбасы шықты.
Рая Ғарифқызы, С.Исаевтың шәкірті, Елбасының сыныптасы:
- Біз оқып жүрген кезде қырықтың шамасындағы кісі еді. Ол кісінің ұқыптылығына, жүрген жүрісіне, сөйлеген сөзіне, мәдениеттілігіне сұқтана қарайтынбыз.
«Нұрсұлтан ешқашан екінші болмаймын, әркез бірінші тұрамын, деп алға ұмтылатын қасиетімен ерекше». Осылай деп абыз-мұғалім үздік шәкірті үшін әркез мақтанып, марқайып отыратын еді.
Сейітхан Исаев, Елбасының ұстазы:
- Ресейдің тарихы, мемлекеттік құрылысын, оның экономикасын, мәдениетін, саясатын барлығын әдемілеп келтіріп айтасыз. Ал, қазақтың хандары болған жоқ па, мемлекет басшысы болған жоқ па? Ағай, Сіз неге қазақ тарихына аз тоқтайсыз деп бір сұрақ қойды. Міне, бұл баланың сол уақытта жүрегінде, келешек тілегінде елі, өзінің ұлты, намысы барын көрсетеді ғой.
Сейітхан Исаев Абай атындағы мектепте 60 жыл үздіксіз қызмет еткен. Қазақстан тарихы пәнінен дәріс беріп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарған.
Тұрсын Әділбекқызы, Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры:
- Бір ғасырлық өмір сүріп, осы бір ғасырдың 60 жылын мұғалімдік қызметке арнады. Осы кісі өмірінің соңына дейін ұстаздарға деген, оқушыларға деген ыстық ықыласымен бөлісіп отырды. Ұстаздарға методикалық-әдістемелік көмек көрсетіп отырды.
Мерейі үстем болған мұғалім бірнеше кітаптың авторы. Сондықтан, білім ошағында ұлағатты ұстаздың атына берілген оқу бөлмесі бар. Ал, ұлағатты ұстаздың денесі ертең жер қойнына тапсырылады. Марқұммен қоштасу сағат 10-00-де Қаскелең қаласында өтеді.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы