Басты Жаңалықтар Белгілі ақын Надежда Лушникова өмірден өтті

Белгілі ақын Надежда Лушникова өмірден өтті

Қазақтың суырыпсалма өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Надежда Лушникова дүниеден өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ақын 1960 жылдардан бастап айтыс өнеріне белсене араласып, суырыпсалмалық дарынымен танылды. Талай сөз додасында топ жарып, қазақтың қара өлеңі мен ұлттық сөз өнерін насихаттауға үлес қосты. Ақынның шығармашылық мұрасы мен өнегелі жолы ел жадында сақталады.

Надежда Лушникова бала кезінен қара өлеңге құмартып, қазақтың жыр әлемімен біте қайнасып өсті. 1940 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген ақынның алғашқы өлеңдері 1958 жылы жарық көрді. Кейін жыр жинақтары оқырманға жол тартып, ол жазба поэзиясымен қатар айтыс өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Надежда Лушникованың ақындық болмысы айтыс сахнасында айқын көрінді. Ол қазақтың суырыпсалма дәстүрін терең меңгеріп, Жамбыл бастаған жыр мектебінің өнегесін жалғастырды. Өлеңдерінде елдік мәселелерін  қозғап, халықтың мұңы мен қуанышын жырға қосты.

Айтақын Бұлғақов, айтыскер ақын:

Қазақтың ауыз әдебиетіне сіңірген еңбегі өте орасан зор. Ешкім ұмытылмайды, ұмытпайды да. Біз ол кісіні Жамбылдың ізбасары деп танитынбыз. Қай жағынан алып қарасақ та, Надежда Лушникова қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады.

Ақынның еңбек жолы да өнегеге толы. Әр жылдары газетте әдеби қызметкер, баспада редактор, мектепте мұғалім болып еңбек етті. Ал 1985 жылдан бастап Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы музейді басқарды.

Серікзат Дүйсенғазин, айтыскер ақын:

Жамбыл өңіріндегі барша ақындық өнерді бойына сіңірген сол өңірдің ақындық дәстүрін жаңғыртқан адамдардың бірі. Сондықтан ол кісі қазақтың тарихында, ұлттық өнер тарихында орны өте ерекше деп айтуға болады.

Надежда Лушникованың өмір жолы – ұлт өнеріне адалдықтың үлгісі. Қазақтың сөз өнеріне сіңірген еңбегі мен жырлары кейінгі буынға рухани мұра болып қала бермек.

Бөлісу