Аягөз қаласында зираттар тұрғын үйлердің іргесіне дейін жақындап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөз қаласында зираттар тұрғын үйлердің іргесіне дейін жақындап кеткен

12.02.2019

Шығыс Қазақстандағы Аягөз қаласының тұрғындары өлілермен іргелес өмір сүруге мәжбүр. Бұлай дейтініміз, қаладағы зираттар мен  тұрғын үйлердің арасы тым жақындап кеткені соншалық, қарға адым жер қалған. Қоршауы жоқ қабірлер уақыт өткен сайын көбейіп, үйлерді арасына қарай жылжып барады. «Жергілікті билік бұл жағдайды біліп отырса да, қол қусырып отыр», - дейді аягөздіктер  

Ержан Жақып, тілші:

- Зираттардың жекеменшік секторға жақындағаны соншалықты, үйлердің іргесіне дейін келіп тірелген. Алайда, бұл жерлерге жерлеу әлі тоқтаған жоқ. Қабірдің уақыт өткен сайын осылайша жылжуы тұрғындарды қазір алаңдатып отыр.

Аягөздің әр шетінде осы сынды бес зират бар. Олардың бәрі қоршаусыз. Тұрғындар қала сыртындағы жаңа қорымға бармай, жақын жерге жерлегенді жөн көреді. Ал, үйлері зиратқа жапсарласып бара жатқан жұрт «бұған тосқауыл қоймаса  болмайды», дейді.

Советқазы Төлепбаев, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Қазақ баласы өлікті құрметтеген халық қой. Дегенмен, не нәрсе болса да, оның шегі болады.

Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай, зират қоғамдық ғимараттардан кем дегенде 300 метр қашықта орналасуы тиіс. Ал, су көздерінен кем дегенде 1 шақырым алшақ болуы керек. Аягөзде бұл ереже мүлде ескерілмеген. Кейбір тұрғындар тіпті зираттарға жақын қазылған құдықтардан су тасып ішеді. «Жаман ауру таралмасына кім кепіл?», - дейді жұрт.

Еренғайып Сыздықов, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Жақындап кетті. Ертең қорамызға кіріп кетеді. Бұл сұмдық қой. Зираттар үйлерге тіреліп тұр.

Көпшілікті күпті еткен мәселені қала басшылығы қолға аламыз уәде етті. Олар зиратты биылдан қалдырмай қоршамақ.

Нұрлан Қантаев, Аягөз қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

- Жаңа ауыл зиратына 10 млн теңге. Ларшина көшесінде орналасқан зиратқа 5 млн. теңге, жалпы 15 млн. теңге қарастырылып отыр. Биылғы жылға жоспарланған екі зират 1 тамызға дейін бітеді.

Алайда, тұрғындар тамыз айына дейін қорымның аумағы тағы үлкейіп кетеді деп алаңдайды. «Сондықтан, жерлеуге біржола тоқтам  салу керек», - дейді тұрғындар.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу