Басты Жаңалықтар 20 жыл бұрын қайтыс болғандар тізімінде жүрген Ауған соғысының ардагері – Асхат Ауғанұлы

20 жыл бұрын қайтыс болғандар тізімінде жүрген Ауған соғысының ардагері – Асхат Ауғанұлы

20 жыл қайтыс болғандар тізімінде жүрген жауынгер. Біздің келесі кейіпкеріміз Асхат Ауғанұлы - ауған соғысының ардагері. Жаралы сарбазы. Алматы облысы Қосағаш ауылының тұрғынын Кеңес билігі өлдіге санап, тіпті «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттаған.

Асхат Қасенов бір аяғын Ауған жерінде қалдырды. Бір дұшманды дедектеп қуып келе жатып, мина көмілген алқапқа тап болған. Бұл – әккі жаудың әдейі құрған тұзағы екен. Жарылғыш затты басқанын сезген ол бар екпінімен алға қарай секіреді. Есін жиса, аяғы жоқ. Қансыраған қазақ сарбазын майдандастары арнайы ұшақпен қалаға жеткізбек болады. Ары қарай оқиға тура кинодағыдай өрбиді.

Асхат бұл ұшаққа үлгермей қалған еді. Бірақ барлық құжаттары сол әуе көлігінде кеткен. Кейін елге оралып, үйленіп, бала-шағалы болып, тұрмысын жалғастыра береді. Сөйтсе, әскери комиссариат Асхат Ауғанұлын қаза тапқандар тізіміне қосып қойыпты. Бұл туралы Қасеновтар отбасын 2003 жылы бір-ақ білген.

Асхат Қасенов, Ауған соғысының ардагері:

- Жүрегімізде дақ қалды. Әлі күнге дейін дақ бар. Неге десеңіз, сол соғыстың ызғары, минаның жарылғаны менің құлағымда әлі де шыңылдайды. Қаншама ана 18-19 жастағы балаларынан айырылды.

Ауған жерінде Асхат Қасенов 2 рет «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Жазатайым жағдайға ұшыраған соң біріншісін тағып үлгермей қалса, екіншісін «қайтыс болғаннан кейін» деп, рәсімдеген екен. Ардагер екі жұлдызды да 2005 жылы кеудесіне тақты. Асхаттың ағасы да Ауған жерінде әскери борышын өтеген. Інісін де сол қан майданға жібергелі тұрғанда, анасы араша түсіп, алып қалыпты.

Нұргүл Қасенова, А. Қасеновтың жары:

- Менің шалымның аты Ауған болғандықтан, балаларымның бәрін Ауғанстанға ала бересің бе? Баламды қайтармасаңдар мен бұл жерден кетпеймін деп шу шығарған ана. Сол кездегі ананың зары деген бір үйден бір емес, екі емес үш баласын Ауғанстанға алу, ол кезде айтылмайтын кез. Ана үшін өте қиын деп ойлаймын.

«Ауғанның ұлы Ауғанда». Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай, осындай кітап жарық көрді. Онда аңыз адамның басынан кешкені толық суреттеледі. Ардагер отбасы Қосағаш ауылында тұрып жатыр. Отанға деген адал қызметін орманшы болып жалғастыруда. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп олардан бес немере сүйіп отыр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу