Басты Жаңалықтар Жетісулық тілшілер ВВС телеарнасының жұмысымен танысты

Жетісулық тілшілер ВВС телеарнасының жұмысымен танысты

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысынан бір топ журналист халықаралық ВВС телеарнасының Лондондағы штаб-пәтерінде болып қайтты. Екі күндік шеберлік сыныптарға қатысып, алпауыт корпорацияның жұмысымен танысты. Өзара тәжірибе алмасып, келешектің жоспарын құрып тарқасты. Делегация құрамында арнамыздың Жетісу өңіріндегі меншікті тілшісі Қуаныш Қанатұлы да болды.

Тұманды альбиондағы ең үлкен масс-медиа ретінде ВВС күллі әлемге әйгілі. Алты құрлықтың қай жерінде болмасын корпорацияның қызметкерлері күн-түн демей еңбек етуде. Барлығы 12 мың қызметкер. Ал, көрермен саны жарты миллиардтан асып жығылады. Ұлыбританияға Ұлы дала жерінен барған шағын топқа семинарды ВВС телеарнасы халықаралық жобалар бөлімінің режиссері Дарья Чернова жүргізді. Кәсіби маман қазір барлық күшті Қазақстанды әлемге танытуға бағыттау керектігін айтады.

Дарья Чернова, режиссер, (Ұлыбритания):

- Ең маңыздысы, Қазақстанды әлем тануы керек. Себебі, Қазақстан олар үшін тың, жаңа бағыт. Елдің барлық кереметін көріп, баруға асығып, қайтадан оралатындай әсер қалдыру керек. Қазақ жеріндегі әр тастың өз тарихы, аңызы бар.

Қазақстаннан барған тілшілер де шығармашылық қоржынын томпайтып қайтты. Жетісу өңірінде болашақ журналистерді даярлайтын жоғары оқу орнының өкілі де келешекте ВВС телеарнасымен серіктестік жоспарын пысықтап алды.

Жұмағали Есенбек, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ журналистика кафедрасының меңгерушісі:

- Біздің студенттер және мұғалімдер ВВС телеарнасына іс-тәжірибеден өтуге барады. Ал, ВВС мамандары бізге келіп, семинар-тренинг өткізетін болады. Алған әсеріміз мол, өте жақсы.

«Қарт құрлықтағы ең ірі телеарнаның құрылымымен танысуға екі күн өте аз», дейді қаламгерлер. Дегенмен, бар білгенін көкейге түйіп, қағазға жазып қайтқан мамандар үшін бұл - таптырмас жетістік.

Ғасырға жуық тарихы бар, әлемдегі алпауыт British Broadcast Corporation, яғни, ВВС телеарнасымен тәжірибе алмасу жетісулық журналистер үшін үлкен шығармашылық серпіліс болды. Алдағы уақытта ВВС телеарнасы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу