Алматы облысындағы Балқаш ауданының шаруашылықтары ірі қара мал етін экспортқа шығара бастады. Көршілес елдерден бөлек, отандық өнім Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтілді. Ауданда мал бордақылайтын 3-4 ірі кәсіпорын бар.
«Бірлік-АЖА» шаруашылығы биыл қыстауға 1000 бас ірі қарамен кірді. Сиырлардың алды төлдеп те жатыр. Мал азығын молынан дайындаған жұмысшылар қыстан қысылмай шығамыз деген сенімде.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
- Бұл бұзау 2019 жылдың алғашқы төлі. Шаруашылық өз төл есебімен мал басын асылдандырып қана қоймай, асыл тұқымды бұқаларды өзге шаруашылықтарға сатумен де айналысады.
Асыл тұқымды шаруашылық ретінде серіктестікке мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Аудандағы басқа шаруалар ақ бас сиырдың тұқымын жаңартып, ет өнімдерін өндіруге қызу кіріскен.
Жандос Әбдіжаппаров, серіктестік директоры:
- Үкімет жақсы көмектеседі. Біз бір жылда 35 млн теңгеге жуық субсидия аламыз.
Балқаш ауданындағы мал бордақылайтын ірі кәсіпорындардың алды ет экспорттауға кірісті. Былтыр 122 тонна ет шетел асса, биыл да осындай көлемде басқа мемлекеттерге өнім жөнелту жоспарланған.
Бауыржан Дәрібаев, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары:
- Біріккен Араб Әмірліктеріне «Өтес Био Азия» 65 тонна экспорттаса, «Жақсылық» шаруа қожалығы Тәжікстан мемлекетіне ет экспорттады. Одан кейін Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне ет экспортталды.
Ауданға шетелден сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал әкеліне бастады. Тауарлы сүт фермасының өнімі Алматы облысындағы сүт зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ететін болады.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.