Алматы облысында стратегиялық маңызды дақыл қар астында жатыр. Шаруалар миллиондап шығынға батты. Сарқан ауданының Қарабөгет ауылында қант қызылшасы, Панфилов ауданының Басқұншы ауылдық округінде 600 гектар жүгері жиналмай қалған. Жергілікті билік қыс жылдағыдан ерте басталды десе, шаруалар техника аздық еткенін айтып отыр.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
- Биыл Сарқан ауданында қант қызылшасының шығымы жақсы болғанын мына менің қолымдағы тәтті түбірден-ақ аңғаруға болады. Бірақ, өкінішке қарай, біраз өнім қардың астында қалды. Дәл біз отырған жерде үш гектардай жер жиналмаған. Ал, үсіп кеткен өнімді қант зауыты да қабылдамайды.
Биыл 370 гектар жерге қант қызылшасын еккен қарабөгеттік шаруалар аста-төк өнім аламыз деп дәмеленген еді. Алайда, қар жауып, артынша аяз қысты. Бір ғана Әлібек Байболатовтың 12 гектар жеріндегі өнімі жиналмай қалды. Қолмен қазып та көрді. Бірақ, жұмыс өнбейді.
Әлібек Байболатов, кәсіпкер:
- Әр жерінен қазып көрдім. Содан мөлшері 42 тоннадан айналып тұр. Бас-аяғы 7 миллион теңге қаражат жоғалтып тұрмын. Қарабөгет ауылдық округінде 90 гектардай жер қазылмай, қар астында қалды.
Шаш етектен шығынға батқан шаруалардың айтар уәжі бір. Жиын-терін тұсында техника жетпеген.
Дәуренбек Әуелбеков, шаруа қожалығының басшысы:
- Қызылша қазатын техника жетіспейді. Сондықтан біз өтінім беріп, бір кешен алғалы жатырмыз.
Аудан билігіндегілер болса, қардың астында қант қызылшасы жоқ деп отыр. Айтуларынша, биыл өңірде қыс тым ерте түскен.
Нұртілеу Мұқашев Сарқан аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бізде қардың астында қант қалған жоқ. Бәрін түгел қазып, алқаптан сыртқа шығарып алдық. Мың тоннадай сыртта жатыр, тазалап жатырмыз.
Ал, мына әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада - Панфилов ауданында қарда қалған жүгері. Биліктен көмек сұраған шаруалар жанайқайын осылай жеткізген. Ауданда сол уақытта 600 гектар жүгері жиналмаған.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.