Алматы облысында заңсыз аң және балық аулаушыларға қарсы рейдтік шара ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында заңсыз аң және балық аулаушыларға қарсы рейдтік шара ұйымдастырылды

29.10.2018

Браконьерлер құрықталды. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары өткізген рейд кезінде табиғатқа залал келтіргендер оқиға орнында ұсталды. Жалпы, жыл басынан бері табиғатты қорғау саласында 550-ден астам заң бұзу фактісі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 5 млн. теңгеге жуық.

Бұл жолы Мемлекеттік инспекторлар мен Табиғатты қорғау полициясы Қаратал өзенінің бойы мен Балқаш көліне дейін шолып өтті. Санаулы минутта Үштөбе қаласының маңындағы күріш алқаптарында қырғауыл атуға шыққандар құрықталды. Тікұшақ қонғанша атып алған олжасы мен қаруды қамысқа жасырып үлгерген.

Азаматтың аңшылық кітапшасы мен қаруының құжаттары бар болғанымен, белгіленген аймақта аң-құс атуға рұқсаты болмай шықты. Хаттама толтырылып, қырғауыл мен мылтық тәркіленді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Осындай әуе кемесі арқылы жасалған рейдтік шаралар өз нәтижесін беруде. Табиғат қорғаушылардың айтуынша, жылдан-жылға заң бұзу фактілері азайып келеді. Бұл өз кезегінде түз тағысының санының артуына үлес қосуда.

Ал, Лепсі өзенінің Балқаш көліне құяр тұсында заңсыз балық аулаған азамат ұсталды. Ол ешбір рұқсат құжатсыз 44 келі ақмарқа аулаған.

Ринат Құмашев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- 587 жеке тұлға заңсыз аң аулағаны үшін және балық орман қорларын заңсыз пайдаланғаны үшін ұсталып, олардың үстінен әкімшілік істер қозғалып, 6 млн. теңгеге жуық айппұл салынды.

Табиғат қорғаушылардың айтуынша, қазір браконьерлер мұздай қаруланған. Байланыс құралдары, әуеден бақылау камерасы және жол талғамайтын көліктер олардың ізіне түсуді қиындатады.

Юрий Тоқтаров, Қаратал аудандық ІІБ Табиғатты қорғау полициясының инспекторы:

- Әрқайсысында радиостанция бар десе болады. Қолдарында жерсеріктік байланыс бар. Біз бір жерде тексеру жүргізіп жатсақ, олар екінші жерді ескертіп үлгереді.

10 айда заңды белшесінен басқан 10 адамға қылмыстық іс қозғалды. Екі азамат сотталды. Тағы екеуінің ісі қаралып жатыр.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу