Осыдан 6 ай бұрын Алматы облысында құрылған жаңа ауданға халық та қайта орала бастады. Әсіресе, аудан орталығы Нарынқолда баспана салынып, жол жөнделіп, ауылдың ажары кіріп келеді. Райымбек ауданы халқы мен атқарушы билігінің алға қойған жоспары да ауқымды.
Еншісін алып, еңсесін тіктеген Райымбек ауданында қауырт шақ. 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ауылдан түлеп ұшқан атымтай жомарттар спорт-ойын алаңдарын салып беріп, жарығын тартып, жолды жөндеп жатыр. Мемлекеттік 15 мекеменің ғимараты қалпына келтіріліп, бос қалған баспаналар өз иелерін таба бастады. Ауылдағы ағайынның да көңілі көтеріңкі.
Сайраш Замиева, Нарынқол ауылының тұрғыны:
- Халқымыздың қуанышында шек жоқ. Бәріміз жүрекжарды қуанып отырмыз.
Тойғожа Дастарбеков, Нарынқол ауылының тұрғыны:
- Бүкіл халық болып жұмылсақ, бітпейтін іс жоқ. Біз ауыл халқы, ауыл ақсақалдары осы іске өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сендіргім келеді.
Келер жылы ауданда тағы 80-нен астам тұрғын үй салынбақ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде емхана, спорттық сауықтыру кешені бой көтермек. «Халыққа қажет деген нысандар бірінші кезекте қолға алынады», - дейді аудан басшылары. Туған жерге қайтып, қара шаңырағына қарайласқан жастар да басым.
Жолан Омаров, Райымбек ауданының әкімі:
- 45 бос орын болған. Бәріне Алматыда оқуын бітірген жастар келіп орналасты. Қазіргі кезде біздің ауданда жас мамандар көп.
Ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы. Дегенмен, Хан Тәңірі шыңының етегінде орналасқандықтан туризм саласын түлету де жоспарланып отыр.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.