Алматы облысында агротуризм дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында агротуризм дамып келеді

18.10.2018

Алматы облысында агротуризм қарқын алуда. Себебі, соңғы жылдары туристер әсем табиғатта тек тынығып қана қоймай, ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласуға қызығушылық таныта бастаған. Ал, Жетісу өңірі көрікті жерлерімен ғана емес, агроөнеркәсіп кешенімен де танылған аймақ.

Агротуризмнің ең қызық жері осы. Түйені сауып көруге мүмкіндік беріледі. Әр түйе тәулігіне 7-8 литр сүт береді екен. Қазір күн қысқарғаннан кейін күніне екі-ақ уақыт сауады. Ал, жаз айларында күніне үш уақыт сауып тұрады екен.

Бұл Қазақстан бойынша ең ірі түйе шаруашылығы. 5 мың бас түйе бар. Тең жартысы саулық. Шаруашылыққа келгендер ботаның боздаған дауысын естіп, шұбаттың қалай өндірілетінін көзбен көреді. Түйе мініп, серуендеп ерекше әсер алады.

Әлия Әбсемет, Алматы қаласының тұрғыны:

- Енді Алматыда түйені тек зообақтан ғана көретінбіз. Қала тұрғыны болғаннан кейін сиырды өмірімде ешқашан сауып көрмеппін. Енді осында керемет әсерде болып тұрмын. Бірінші рет түйе сауғаннан кейін әсер өте керемет.

Іргелі кәсіпорын агротуризмді дамытуға ерекше ден қоймақ. Жоспар да ауқымды. Шаруашылық басшысы тек мемлекет тарапынан жол, жарық және ауыз сумен қамту сияқты мәселелерге көмек көрсетілсе, бұл жерге шетелдіктердің де көптеп келеріне сенімді.

Сыдық Дәулет, «Дәулет Бекет» ЖШС директоры:

- Ойлап отырған ісімізді біз үш-төрт жылда асыруымыз мүмкін. Ал, егер қаржы болатын болса, онда ойлаған мақсатымыз бір-ақ жылда іске асырылады. Себебі, бұл күттірмейтін нәрсе.

Туристердің бал өнеркәсібіне де қызығушылығы зор. Алатау бөктерінде орналасқан омарта шаруашылығына жылына мыңдаған адам келіп қайтады.

Павел Коновалов, кәсіпкер:

- Мен бәріне «бұл жерде ұялы байланыс жоқ, телефонсыз келіңдер» деп айтамын. Қалада көлік түтінінен, түнгі клубтардан, кеңсе жұмысынан, басқа да айқай-шудан шаршап, жалыққан халық бізге келеді. Миын тынықтырады. 

Жетісу өңірінде алма және жүзім шаруашылықтарында да демалыс уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік бар. Болашақта басқа да салалар агротуризмді дамытуға үлес қоспақ.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу